“Нан, кәмпит аласың ба”: Ақтөбелік ана шенеунікке атаулы көмектен түскен 500 теңгесін сыйлады

0

Ақтөбеде көпбалалы ана Ақтоты Жолмағамбетова үш айға төленген атаулы әлеуметтік көмектен түскен ақшаны облыс әкімінің орынбасарына сыйлады. Алты айлық баласын бесікке байлап, әкімдікке жағдайын айтуға келген көпбалалы ана үш айға атаулы әлеуметтік көмек үшін 500 теңге түскенде өзін біреу мазақ қылғандай сезінген деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек ретінде ай сайын әр адамға 25 теңгеден шығып, жеті жан тұратын отбасына үш айда 500 теңгеден аса ақша түскен.

“Мен сізге сұрақ қойғым келеді. Менің орныма өздеріңізді қойып көріңіздер, сіздерде де бала бар. Бір айға бір адамға 25 теңге атаулы көмек берді. Жеті адамға 175 теңге шықты. Сіз осы ақшаға күн көре аласыз ба? Не аласыз? Осы сұрағыма жауап беріңізші. Үш айға 525 теңге шығарған. Бұл ақшаны банкомат та бермейді ғой. Міне хабарламасын әкеліп тұрмын, қараңыз”, — деді Ақтоты.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетов бес баламен жеті жылдан бері пәтер жалдап жүрген келіншектің жағдайын тыңдады. Шенеунік келіншек айтқан ақпаратқа сене алмай, қайтара сұрады.

– Бір айға 25 теңге ме? – Иә, бір айға 25 теңге. Жеті адамға көбейтсеңіз, бір айға 175 теңге шығады. 175 теңгеге бес балама қандай тамақ алып беремін, айтыңызшы? Бір баламның жейтін тамағына күніге 7-8 мың теңге ақша керек. Айраны, сүті, жөргек, міндетті түрде төрт көмеш нан аламын. Алма, апельсин, банан, груша дегенді айтып жатқан жоқпын. Біз ондай жемейміз. Ондай жоқ. Алманың бағасы 700 теңгеден басталады. Үш түйір алма – 1 келі, ол – 700 теңге. Мен оның орнына бес көмеш нан алғым келеді.

Сұрағыңызды қойыңыз? –

Сұрағым сол, мына 500 теңгеге қалай күн көре аласыз? Осы тұрғанда менің екі ай пәтерақым төленбей тұр – 60 мыңнан 120 мың теңге. Күнде үй иесі келіп есігімді қағады. Балаларға мама жоқ” деп айтқызамын. Не деймін енді, айтыңызшы. Бес баламмен далаға қуып шыққанын қаламаймын. Мен атаулы әлеуметтік көмек алып отырғанда бес баланың ақшасын қосып, ең бірінші пәтерақысын төлер едім. Еден жуып келсем де, бес баланың тамағын тауып келер едім. Мен қазір босанып үйде отырмын, еден жууға да шыға алмаймын. Бесікте алты айлық бөпем жатыр. Баспана сұраймын, атаулы әлеуметтік көмекті дұрыстасын. Көпбалалы ана шенеуніктің алдында не үшін айына мемлекеттен 175 теңге алып отырғанын түсіндірді.

“Сіз неге 175 теңге төледі деп себебін сұрамайсыз ба? 175 теңге шығарып тұрғаны – мен тамызда босандым. Тамыз, қыркүйек, қазан айының 24 мың теңгесін кіріс деп санап, 66 мың теңге шығарып, атаулы әлеуметтік көмек ақшасын кесіп тастап тұр. Маған ол 66 мың теңгені қайта-қайта төлемейді. Босанған кезде екі айды қосып төлегеніне мен кінәлі емеспін. Басшылар неге соны қарастырмайды. Мазақ қылып берген. Мен мына ақшаны банкоматтан да шеше алмаймын. Менің ең бірінші талабым- баспана. Мына 500 теңге атаулы көмек ақшасы өздеріңізге, нан аласыздар ма, кәмпит, өздеріңіз алыңыздар. Атаулы көмек талап етпеймін. Бала басына 42 500 теңгеден төленсін”, – деді көпбалалы ана.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова облыс әкімінің орынбасарына “Отбасыға тоқсанына 314 мың 202 теңге табыс кірген.

Мемлекеттік арнайы төлем 185 700 теңге төленді. Бір жасқа дейін 126 499 теңге түскен. Жолдасы 2020 жылдан бастап жұмыс істейді. Төртінші тоқсанға декларация бойынша ең төменгі жалақыны көрсеткен. Бірақ заңға сәйкес, 25 АЕК есептелінеді. Ережеге сәйкес, барлық атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген азаматтардың отбасының табысына ережеге сәйкес, степендия есептелмейді, көпбалалы аналарға төленетін алтын алқа, күміс алқа есептелмейді”, – деген әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы келіншектің жолдасы жеке кәсіпкер болғанын, 2020 жылдың қазан айында денсаулығына байланысты табыс көрсете алмады деген қолхатын оқып берді.

“Айтып тұрған ақшалар бір жолғы көмек, соның бәрін есептеп тұр. Мен ай сайын тумаймын. Түскен ақшаларды солайымен алып үйімнің қасындағы “Береке” деген дүкенге апарып қарызымды төледім. Босанғанша карантин болды. Қазір қарыздансақ та несиеміздің барлығын жаптық. Баспана алайық десек, жолдасымның табысы 50 мың теңге, жетпейді көмектесіңіздерші”, – деді көпбалалы ана.