«Намысты жігіттерді құрметтеймін»: Әнші Бүркіт Жаңаөзенде тегін концерт өткізуге уәде берді
Қазақстандық танымал әнші Бүркіт ел алдында уәде берді. Эстрада өкілі Жаңаөзенде қандай концерт болса да, тегін келетінін айтты. Ол мұндай қадамға Жаңаөзеннің намысты жігіттерін құрметтейтіндіктен баратынын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бүркіттің ел алдында уәде бергені туралы Instagram желісінен белгілі болды. Шоу-бизнес жұлдызы өз парақшасында арнайы видеоүндеу жариялап, өз ниетін білдірген. «Керемет жігіттер, намысын аяқтың астына таптатпайтын жігіттер осы Жаңаөзенде. Жаңаөзеннің бәрі сондай деп ойлаймын. Құрметтеймін сіздерді. Егер қала тұрғындарына арналған концерт болса немесе өзіміздің жеке концерт болса, тегін беремін. Бір тиын да алмаймын, сөз беремін», – деді Бүркіт. Желі қолданушылары өнер иесінің бұл игі бастамасына тәнті болып, оған жылы лебіздерін жарыса білдірді. Айта кетейік, қаңтардағы митингтер осы Жаңаөзен қаласынан басталған болатын. Қала тұрғындары газ бағасының қымбаттауына байланысты алаңға шықты.