«Мысықты тірідей жұтып қойдым»: Қызылордалық әйел ғарыштан келетін дауыстың екі жылдан бері мазалап жүргенін айтты — Қазақстан жаңалықтары
Қызылорда тұрғыны Гүлнәр Жұқанова өзінің ғарыштан хабар алатынын айтты. Айтуынша, белгісіз күш оны билеп-төстеп, екі жылдан бері мазасын қашырған.
Бұл туралы «Астарлы ақиқат» бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz.
Гүлнәр Жұқанованың айтуынша, 2017 жылдың наурыз айынан бері белгісіз күш өзін билей бастаған. Құлағына дауыс келіп, әртүрлі бұйрықтар беретін болған. Сіңлісін де, өзін де өлтіретінін айтқан.
Гүлнәр Жұқанова осыдан кейін жолдасы да, жалғыз қызы да мазасыздана бастағанын айтты. Жолдасы да бүгінде өзі секілді түс көріп, ұйықтай алмайтын көрінеді.
Өзі бұндай күйден құтылудың жолын іздеп, үкіметтен көмек сұрады. Мұны ғарыштан байланысатын қару деп түсіндіреді. Мұның өзіне ғана емес, көп адамға зияны болу керек екенін айтады.
Тіпті бағдарламада отырған сәтті белгісіз күштің қасында екенін де айтып өтті.
«Кей кезде мен алып күш иесіне айналам. Ешкімге бой бермеймін. Тірі мысықтың өзін жұтып алған кезім болды. Мені ешнәрсе тоқтата алмайды. Бірақ бұл жын емес, денсаулығым жақсы. Бәрін түсінем. Бұл ғарыштан келетін қару», — деді Гүлнәр Жұқанова.
Ол Бекет атаның басына түнеп, өзге де ем жасап көрген. Жолдасы күштеп психикалық аурудан емдейтін орынға апарған екен. Одан да еш нәтиже шықпапты.
Гүлнәр Жұқанова полицейлер мен құзырлы органға, өзге де мекемелерден көмек сұрап хат жазған. Енді үкіметтен көмек сұраймын деп отыр.
stan.kz