Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманың 2019 жылғы басты жоспарларын атады
2018 жылғы 4 желтоқсан 16:52 283
АСТАНА. ҚазАқпарат — Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов биылғы жылды қорытындылап, 2019 жылғы жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл бізге өте қиын болды. Себебі, алға қойған мақсаттарға жете алмадық. Басында айтып кеткендей (ҚБФ отырысында — авт.), өте нашар көрсеткіш болды. Бірақ, жігіттердің барлығы үлкен жетістікке жетеміз деп тер төкті. Жыл бойы дайындалды. Азия ойындарында да жарыста қолдан ешкім жеңісті берген жоқ. Бірақ, кейбір кедергілер болды. Оны енді біз қайталап, біреуге кінә тақпаймыз, өзімізден іздейміз. Жігіттеріміз бір бас емес, екі бас жоғары қылып, жеңіске дайындаймыз», — деді Мырзағали Айтжанов Астанада өткен Қазақстан бокс федерациясының отырысында.
Бас бапкердің айтуынша, бокс федерациясы мен Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
«Жыл бойы ешқандай оқу-жаттығу жиыны, жарыстар — барлығына қатысып, кешенді ғылыми топпен бірлесе жоспарымызды құрып, керекті жаңалықтарды енгізіп, керек адамдарға жарақаты болса емдетіп, барлық жағдай жасалды. Сол себепті тек алғысымызды айтамыз. Биылғы жылы алға қойған мақсаттар орындалмағандықтан, бүкіл жанкүйерлерден, басшылардан кешірім сұраймыз. Бірақ, барлық нәрсе қолда бола бермейді екен. Сол себептен біз жігіттерді жігерлендіріп, 2019 жылы жақсы дайындалу мақсатында Қазақстан чемпионатын Маңғыстау облысының Ақтау қаласында өткіздік. Қазақстан чемпионатына қуанарлығы — 18-20 жас аралығындағы жас боксшылар өте көп болды. Атақты боксшылармен олар қаймықпай жақсы өнер көрсетіп жатыр. Команданың көшбасшылары — Қайрат Ералиев, Асланбек Шымбергенов, Абылайхан Жүсіпов, Әбілқан Аманқұл, Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаев өз орындарын сақтап қалды», — деді ол.
Мырзағали Айтжановтың айтуынша, одан бөлек екі-үш жігіт чемпион атанған.
«Жалпы, ұлттық құрамада мықты, шеберлігі шыңдалған көшбасшы бокшсыларға боксшыларға жастар да қосылып жатыр. Биылғы Азия, Әлем чемпионаттарынан кейін жастар құрамасынан бес боксшыны ұлттық құрамаға алдық. Қазіргі таңда ұлттық құрамада қырық боксшы бар. Биыл Конфедерация Кубогының жартылай финалы мен финалы өтеді. Одан бөлек, Сарыағашта ұлттық құраманың екі құрамы емделуге барады. Сонымен жылымыз бітеді. 2019 жыл — өте жауапты жыл. Келесі жылы Азия мен Әлем чемпионаты бар. Азия чемпионатында Әлем чемпионатына жолдамалар беріледі. Қазіргі таңда АІВА-ның әлі күнтізбесінде жоқ. Маусым-шілде айларында деп көрсетіліп тұр. Бірақ, нақты күнтізбеде қайда және қашан болатыны әлі қойылған жоқ. Бірақ, жылдың басынан бастап бірлескен оқу-жаттығу жұмыстарын өткіземіз. Өзімізге ақпан айында Беларусь, Қытай командалары келеміз деп жатыр. Наурыз айында біз Ресей құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. АҚШ, Ұлыбритания құрамаларымен Президент Кубогы алдында тағы бір оқу-жаттығу жиыны болады», — деді Мырзағали Айтжанов.
Бас бапкер келесі жылғы Азия чемпионатында және Әлем чемпионатында да ұлттық құрама 8 салмақ болған жағдайда 2 алтын, 10 салмақ болған жағдайда 3 алтын алуға тырысатынын білдірді.
«Лицензия жылы болғандықтан, Олимпиадаға көбірек лицензия алуға тырысамыз», — деді ол.
Айта кетсек, Джакартада өткен Азия чемпионатында Қазақстан боксшылары екі күміс медальды місе тұтып (Әбілқан Аманқұл мен Асланбек Шымбергенов) қайтқан болатын.