Мұсылмандарды қырған Мьянма басшысы 100 жылға сотталмақ

0

Әскери төңкерістен кейін тұтқындалған Мьянманың бұрынғы басшысы Аун Сан Су Чжиға тағылған барлық айыптарды сот растайтын болса, ол жалпы 100 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы kznews.kz сайты eadaily.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, сейсенбі күні Аун Сан Су Чжиге сыбайлас жемқорлыққа қатысты жаңа айып тағылды. Сонымен қатар дәл сол күні оған айып тағылған бір іс бойынша үкім шығарылуы керек болған. Алайда ол ешқандай себепсіз 6 желтоқсанға шегерілді.

76 жастағы Аун Сан Су Чжиге қатысты барлығы 10 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде Мьянма британ отары болған жылдары қабылданған мемлекеттік құпияларды жарияламау туралы заңнаманы бұзғаны бар. Оған тағылған айыптардың негізгі бөлігі сыбайлас жемқорлыққа, атап айтқанда, тікұшақ сатып алу кезінде мемлекет қаржысын жымқыруға қатысты. Сондай-ақ Аун Сан Су Чжиге 600 мың доллар пара мен алтын бұйымдарды алды деген айып тағылып отыр.