Мұрат Әбділдәнің достары мәлімдеме жасады: «Жаман сөздер айтқызбауға уәде береміз»

0
2152

Мұрат Әбділдәнің 5 жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы ақпарат желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр.

Атышулы блогердің достары оны бостандыққа шығаруға барынша тырысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz тілшісі.

Актер, жайдарманшы Мансар Орынхан Instagram парақшасына соты болған атышулы блогердің анасының қасында отырып түсірген видеомәлімдемесін жариялады. Өнер иесі онда Мұрат Әбділдәні бостандыққа шығарып алуға мүмкіндік барын айтқан.

«Менің жанымда отырған Мұрат ағамыздың анасы… Мұрат ағамызды заң жүзінде шығарып алуға мүмкіндік бар екен. Рамазан айы ғой, барлықтарыңыз шықса екен деп дұғада болыңыздар. Тек Мұрат ағамыз үшін ғана емес, жалғыз ғана анасы үшін де дұға қылсаңыздар. Құдай қаласа, Мұрат ағамыз ортамызға оралып жатса, ешқандай боқтатпауға, ешкімнің ала жібін аттатпауға, жаман сөздер айтқызбауға уәде береміз. Рамазан айы ғой, барлықтарыңыз бір дұға жасап қойыңыздаршы… Алла разы болсын», — дейді Мансар Орынхан.

Сонымен қатар ол блогердің анасын жұбатып, ұлы оралатынына сендіреді.

Желі қолданушылары сот үкімімен Мұрат Әбділдәға кесілген 5 жыл мерзімнің тым көп екенін айтып, оның бостандыққа шығуын тілеп отыр.

Еске салсақ, әлеуметтік желідегі тікелей эфирлері арқылы жұртқа танылған Мұрат Әбділдәнің сотталғаны туралы күні кеше белгілі болды.

Мұрат Әбділдәға Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігімен (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) айып тағылған. Бұл бапта сотталушыға 2 мыңнан 7 мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 2 жылдан 7 жылға дейiн бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған.

Полиция департаментіндегілер блогердің бұл бап бойынша осыған дейін екі рет істі болғанын алға тартты.

Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сондықтан сотталушы тарап апелляциялық шағым түсіруге құқылы.