Мұқан Иманжанов: өмірі мен шығармашылығы — Қазақстан жаңалықтары

0

Ұлы таудың қос қырандары атанған Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжанов тағдырларында ортақ бір қағида бар. Ол туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік пен парасатты патриотизм ұстанымы. Екеуінің де тағдыр тауқыметі тамырлас. Бірақ, олар қысқа ғұмыр сүрсе де кейінгі ұрпаққа ұшан теңіз асыл мұра қалдырып кетті. Бүгінде Stan.kz ақпараттық агенттігі жазушы драмматург Мұқан Иманжановтың өмірі мен шығармашылығы туралы сыр шертеді.

Мұқан Иманжанов: өмірі мен шығармашылығы

Мұқан Иманжанов 1916 жылы 20 желтоқсанда Қарағанды облысына қарасты Жезді ауданында дүниеге келген. Мұқан Иманжанов асылдың сынығы. Оның әкесі Иманжан Жылқайдаров кезінде Қазақстанның халық ақыны атанған тұлға. Араб, парсы, шағатай тілдерінің білгірі. Иманжан ақынның жыршы, әңгімешіл, шежіреші, өлкетанушы, құсбегілігі елге аңыз. 1972 жылы Иманжан Жылқайдаровқа Жезқазған қаласының құрметті атағы беріледі. Демек, осындай тұғырлы тұлғаның тұяғы Мұқанжан Иманжановтың тектілігінен де табиғи тамырластықты танимыз. 

1930 жылдардың басында Мұқан Иманжанов Баубек досының жолын қуып Алматыға келеді. Екеуі әсем қалада соғысқа дейін тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болған деген дерек жетерлік. Ол Баубек Былқышевтың жан досы ғана емес, жерлесі, тағдырласы. Баубек 28 жасында көз жұмса, Мұқан Иманжанов 1958 жылы бар-жоғы 42 жасында өмірден өтті. Сондықтан, ол туралы дерек тым аз. Иманжановпен дәмдес болған жалғыз адам ол жезқазғандық жазушы Аппаз Қаражігітов ақсақал.

«Ол мен, осындай қадірлі, қасиетті адаммын деп, ешкімге мақтанып тұмсығын көтерген адам емес. Тәпаппар емес. Ол таза жүректі, ақ пейілді адам еді. Ешкімге жазығы, жазары, айыбы жоқ, айтанын кінәсі жоқ адам болған. Ол таза жанды адам болды»,- дейді жезқазғандық жазушы Аппаз Қаражігітов.

Мұқан Иманжвнов 1935-38 жылдары Алматыдағы есеп-экономикалық техникумында білім алып, оны 1938 жылы бітіреді. Мұқанның журналистік мансабы да осы жылы басталады. Ол 1938 жылы республикалық радиокомитеттің әдеби-драмалық хабарлар тарату бөлімінде редактор болып қызмет ете бастайды. 

1942-1948 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеп, көптеген шығармалар жазады. Сол жылдары, яғни 1948 жылы оның «Жастық» атты әңгімелер жинағы оқырмандар назарына ұсынылды. Тәжірибе жинақтап, қаламы төселген жазушы бірнеше жылдан кейін сол өзі қызмет етіп жүрген «Социалистік Қазақстан» газетіне бөлім меңгерушісі болып тағайындалады.

Араға жылдар салып, 1952 жылы «Таныс қыз» атты әңгімер жина жарық көрді. 

Еңбек жолын әдеби қызметкер ретінде бастаған жазушы 1949 жылдан бастап, 1958 жылға дейін бүгінде оқырмандарға «Ақ желкен» деген атпен танылған «Пионер» журналында бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді. 

Мұқан заманның ащы шындығын бейнелеп, әлеуметтік-моральдық мәселелерге назар аудара отырып, көптеген әңгіме, повестер жазды. Оның қаламынан туған туындылар халықтың жүрегінен орын тапты. Жазушы қызметте жүріп-ақ әдебиет әлеміне бас сұққан жас қаламгерлерге қамқорлық танытып, ағалық ақыл-кеңесін беріп, көмек көрсететін. Жазуға ынталы жас мамандарды өзіне жақын тартып, тәрбиеледі. Әдебиеттің кешеуілдеп дамып жатқан саласына өз үлесін қоса отырып, балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне жаңа есімдерді алып келді. 

Оның қаламынан «Жастың», «Тыңдағылар», «Таныс қыз» секілді жинақтар ғана емес, сондай-ақ «Сөнген шала» сатиралық комедиясы, «Менің махаббатым» пьесасы, аяқталмай қалған «Көк белес» романы туып, кітап болып басылды.

Мұқан Иманжанов балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгер. Халық тарихында қалған қасіретті жылдар Мұқанның балалық шағына, келешек өміріне үлкен әсер етті. Мұқанның журналистік таланты Ұлы Отан соғысы жылдарындағы мақалаларымен, очерк және публицистикаларымен танылғаны белгілі. Әсіресе, оның Баубек Бұлқышекпен жазысқан хаттарының мазмұны туған ел мен жерге деген махаббатпен өрліген еді. 

Баубек пен Мұқан Ұлытаудың қос қыраны. Екеуінің достығы кісі қызығатындай болған. Ал Ұлытаудың төріндегі 1995 жылы бой көтерген ескеркіш сол достықтың белгісін мәңгілікке паш етіп тұр. 

1944 жылы ақпан айында «Социалистік Қазақстан» газетінде «Қош бол Шығыс ұлы» деген публицистикалық эссе жарық көреді. Ол майданда Отан үшін оққа ұшқан командир, майдангер жас жазушы Баубек Бұлқышев туралы болатын. Соңында автордың М. Тауұлы деген бүркеншек аты тұрды. Оны оқығандар ойлы да әсерлі әңгімеге айрықша тебіренді. Иманжановтың алғашы жеке кітабы да Тауұлы деген атпен оқырман қолына тиді. Жазушының «Алғашқы айлар» повесіне 1950 жылы республикалық бәйгеде Жамбыл атындағы бірінші орынның берілуі оның қарым-қабілетін көрсетсе керек. Себебі, бұл туындыны жұртшылық жылы қабылдап, кітап әдеби қауымның назарын аударды. Жазушы жаңа көркемдік ізденісі арқылы қазақтың әдебиет әлеміне жаңа бейнелер әкелді. Осылайша, сол кездегі зәру мәселелерді көтерді. 

Жалпы, Мұқан Иманжановтың шығырмашылығының негізгі нысаны гуманизмді ардақтау. Адамның ұлылығы, тазалығы, өз мақсатына беріктігі, рухани-адамгерішіліктерін мадақтау, екінші жағынан жағынан осы асыл қасиеттерді өнеге етіп, бала жастан осыған тәрбиелеуді көздеу. Міне, осы қасиеттердің барлығын жазушы кезінде оқырман жылы қабылдаған, 1950 жылы жазылған «Алғашқы айлар» повесіндегі негізгі кейіпкер Жақыпбектің бейнесіне сыйғызған. 

Мұқан Иманжанов шығарманы жазар алдында көптеген орыс жазушыларының шығармаларымен танысып шыққан. Бұл ретте оған Толстой, Горький және т.б. танымал классик жазушылардың шығармалары, сондай-ақ, Ушинский, Макаренконың педагогикалық еңбектері жақсы көмектесті. Сөйтіп, биология, ботаника, физика және т.б. мектепте өтетін жаратылыстану ғылымы саласындағы пәндермен танысады. Сол білімның арқасында сұрапыл соғыстан енді ғана ес жиып келе жатқан еліміздің сол таңдағы өзекті мәселерін көтеруге ат салысады. Ол уақытта әдеби шығарманың идеясы мен көркемдік мазмұнына айрықша мән берілгендіктен, барлық жазушы сол талапты ұстануға тиіс болды. Ал Иманжанов өзіне жақсы таныс заман шындығын көрсете отырып, соғыс зардабынан енді айығып келе жатқан елдің ертеңгі келбетіне, келешегіне айналатын жас ұрпақты қалай жаңаша тәрбиелеу керек деген өзекті сауалға жауап іздейді. Қаламгердің «Алғашқы айлар» повесінде қиын-қыстау шақтағы мектеп өмірі өрнектеледі.  Ол осы туындысы арқысы қазақ прозасына тың тақырып, жаңа мәселе, бейнелер әкеліп, ерекшеленеді. Жұртшылықтың көңілінен шыққан повесте оқушылардың өмірі, олардың мектептегі өмірімен қатар, мектептен тыс тіршілігі, жеткіншектердің ересек адамдармен арасындағы қарым-қатынасы бейнеленеді. Осылайша, автор әлеуметтік орта мен сол замандағы мәселелердің ықпалын және өзара сабақтастықтарын сарапта салады. Қаламгер өмірдің түрлі салаларын суреттеуге көңіл аударып, мінез арқылы сол заманның қткір мәселелерін көтеріп, оқырманға көрсетуге ден қой білді. Яғни, Иманжановтың осы повесі  балалар мен жас-жеткіншектер өмірін сол кездегі заман, қоғам талабына сәйкес таныта алған туынды. 

Ол өз шығармаларында жастар өмірін, олардың өршіл ой-қиялын, арман құштарлығын, ізгілік пен адамгершілік мұраттарды жырлады. Соғыс жылдарында және одан кейінгі тың көтеру кезеңінде қаламынан көптеген очерк, корреспонденциялар мен мақалар туған Мұқанжан Иманжанов жауынгер жанрдың барлық қыр-сырын меңгерген журналист болды. Оқырмандарына Тауұлы деген атпен танылған. Ол адамның асыл қасиеттерін арқау еткен әңгімелер, хикаяттар мен драмалық шығармалар, аяқталып үлгермеген «Көк белес» романын жазды. Жан досы Бпаубек Бұлқышевтің «Өмір біздікі» кітабына кірген көркем әдеми мұрасы осы қаламгердің редакциясымен жарық көрді. 

Мұқан Иманжановтың еңбектері «Жастық», «Алғашқы айлар», «Азамат мақтанышы», «Таныс қыз», «Тыңдағылар», «Менің махаббатым», «Адам туралы аңыз», «Көк белес» шығармаларының екітомдығы кітаптарына енді.  Ғұмырының соңғы 10 жылында «Пионер» журналында қызмет атқарған Мұқан 1958 жылы қайтыс болды. Оның өмірі, қызметі мен шығармашылығы жайлы 1980 жылы «Өткен» деген атпен жинағы жарық көрді. Қазақ мемлекеттілігінің алтын діңгегі  Ұлытаудың төрінде тіршілігінде  ерлік пен мәрттікті, достық пен махаббатты қастерлеп өткен қос арысының қола мүсіні тұр. Әрдайым өз заманының, өз уақытының тынысын, тамыр соғысын жіті сезініп отыратын ұлытаулық ұландар соғыстан кейінгі бейбіт өмірден «Жаңа алматылықтар» мен «Көк белесін» табар еді. Оған сөз жоқ. Осындай ұл болып туып, құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өткеннің өзі мақтаныш, жұбаныш.

 

stan.kz