Мұқағали қатты қорыққан түн

0

Мұқағали 1970-жылы жазда қатты ауырды. Ауырса да, Жазушылар одағына жұмысқа барып жүрді. Жұмекен Нәжімеденов екеуі бірге істейтін.

Жұмекеннен бірде: «Мұқағали қатты ауырып жүр, жұмыста қалай шыдап отырады?» — деп сұрадым. Жұмекен: «Кешке дейін отырады, ешкіммен сөйлеспейді, өзімен-өзі» — деді.

Үйде де көп үндемейді. Апамыз ауылдан келген. Мұқағали жұмыстан оралған соң тамаққа да қарамайды, ештеңе жазбайды, оқымайды да, сондай бір үндеместік шаққа көшкендей. Өзім үй-ішіне білдірмесем де, іштей қатты қорқып жүрдім.

Сол күні Мұқаң ерте жатып қалған еді. Балаларға тамақ беріп, жатқызып, жатын бөлмеге кірсем, ол ұйықтап жатыр екен. Ананы-мынаны ойлап ұйқым келмеді. Түннің жарымы болды-ау деймін. Бір уақытта ол айқайлап шошып оянды. Мен де ұшып тұрып жарықты жағып жібердім. Өзі сұп-сұр, терлеп кеткен. Ояна салып шошығанын біліп, аят оқып кетті. Жарық жанған соң, балалармен бірге жатқан апам да келді.

— Не болды, не болды, неге шошып ояндың? — деп екеуміз екі жақтан сұрап жатырмыз. Шөлдеп қалды ма деп ашыған көже әкеп бердім. Соны ішті де біраз отырып:

— Қатты ұйықтап кетіппін. Жаныма аққа оранған біреу келді де: «Балаларыңның біреуін құрбандыққа бер, оларыңды қимасаң, өзің жүр!» — деп сілкілеп жатыр. Содан шошып ояндым, Нақа. Қорқып тұрмын! — деді өңі қашып.

Ары қарай не істерін білмеген, дағдарған қалпымен мелшиіп отырып қалды. Бәріміз де осы түстен шошып, үрпиісіп, болдық та қалдық. Сөйлерге дәрмен жоқ.

Өмірде жоқшылықтың неше түрін көрген апам байғұс көңілі өте бос адам.

— Сабыр ет, Мұқағалиым, Мұқашым, балаларың жас қой, құрбандық десе мен-ақ барайын, жасым келді ғой, қарағым. Сенің де, балаларыңның да садағасы болсам, арманым жоқ! — деп жылап жіберді. Мен де жыладым. Мұқаң да өзін-өзі тоқтата алмай босап кетті.

Жары — Лашын Әзімжанованың естелігінен

Oinet.kz