Мұнайға мұқтаж Лукашенко Кремльге ескерту жасады

0

Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресейге қарата мәлімдеме жасап, Мәскеудің Минскіге сататын мұнай бағасын арзандатпаса, жақын одақтасынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.

Беларусь мемлекеттік ақпарат агенттігінің жазуынша, Лукашенко 10 қаңтарда: «Егер Ресейдің жетекшілігі осындай жолды таңдап алып, Батыс тараптағы жалғыз одақтасынан айырылуды қаласа, өздері білсін» деген. Соңғы күндері екі елдің арасындағы энергетика дағдарысы ушығып тұр.

Беларусь Ресейден субсидия түрінде мұнай өнімдерін сатып алып, қайта экспорттап келген. Ресей бұдан былай экономикасына түскен салмақты азайту үшін көршісіне сататын мұнай бағасын өсірмек.

Минск Мәскеудің бұл жоспары жүзеге асса, алдағы алты жыл ішінде 11 миллиард доллар түсімнен айырылатынын айтып, Ресейден төлемақы талап етті.

10 қаңтар күні Лукашенко Беларусьтің мұнай өнімдері саудасын Балтық елдері арқылы жасауы мүмкін екенін айтып та қыр көрсетті. Оның сөзінше, Минск мұнайды Балтық елдерімен бірлесе сатып алып, Новополоцк қаласында өңдей алады.

Бейсенбі күнгі мәлімдемесінде Беларусь президенті Мәскеудің осы дағдарысты пайдаланып, көрші елді қосып алғысы келетіні туралы алып-қашпа сөзді терістеп:

“Екі елді біріктіру туралы сөз болуы мүмкін емес» деді.

​Ресей мен Беларусь тығыз экономикалық, саяси және әскери қарым-қатынас орнатуды көздейтін одақтас болу туралы келісімге қол қойған.

Лукашенко Ресей президенті Владимир Путинмен 2018 жылдың соңында екі рет кездескен. Бірақ энергетика дағдарысы шешілмеген. 2010 жылы Ресеймен арасында осындай дау туғанда Беларусь Украинадағы порттар арқылы мұнайды Венесуэладан тасыған.

Лукашенко 10 миллион халқы бар Беларусьті ширек ғасырдай уақыт бойы жеке-дара билеп-төстеп отыр.

Дереккөз: Азаттық