Мүлдем тұра алмауы мүмкін. Шымкентте автобус жарысында әйелдің омыртқасы сынды
Шымкентте қоғамдық көліктердің жарысынан жолаушы әйелдің омыртқасы сынып, ауруханада жатыр. 40 жастағы Дилярам Юлдашева аяғынан тік тұрып кетуі үшін бірнеше ота жасатуы керек деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, жолаушыны мүгедек қылған жүргізуші мен автопарк басшылары жәбірленушіден кешірім де сұрамаған. Дилярам Юлдашева есік алдынан 138-бағыттағы қоғамдық көлікке отырған уақытта «автобус басқаларымен жарыса жөнелді» деп отыр. Оның сөзінше, аялдамаға жақындаған сәтте қоғамдық көлік күрт тоқтап, бірнеше адам жерге құлапты. Көбісін сол жерден ауруханаға жедел жәрдем жеткізген. Ал 40 жастағы әйел әлі күнге қимылсыз жатыр.
«Ұшырып кетіп, кенет тежегенде құлап түстім. Бір апай басын жарды. Сол жерден шақырттым. Тұра алмай қалам ба деп қорқып жатырмын. Енді дәрігерлерге сеніп жатырмын. Құдайға және дәрігерлерге», — деді Дилярам Юлдашева.
Медицина қызметкерлері науқастың жарақаты ауыр дейді. Омыртқасы зақымданған жолаушыны аяғынан тұрып кетеді деп те ашып айта алмайды. Дәрігер жағдайы тұрақталса, ота жасап, омыртқасына цемент құятынын жеткізді.
«Жабық омыртқа жарақаты бар, омыртқасының бір тұсы сынған. Әзірге тек симптоматикалық ем жүргізіп жатырмыз. Әрине, мүлдем тұра алмай қалуы да мүмкін. Енді тағы екі апта қадағалап көреміз», — деді нейрохирург Жандос Зәуірбеков.
Жолауышлар қауіпті деген 138-бағыттағы қоғамдық көлік Shymkent bus компаниясына тиесілі. Олар әзірге сол кездегі жүргізушіні жұмыстан шығардық деп отыр.
«Осыған дейін де жәбірленушінің туыстары келіп ақша талап етті» деген олар, қандай да қаржылай көмекті тек сот шешімімен береміз дейді. «Зақымданушыға біз сақтандыру полисі арқылы көмек бере аламыз. Ол үшін зардап шеккен жолаушы алған жарақатының дәрежесін көрсетуі керек. Сол дәрежесі бойынша сақтандыруға арналған ақшасы төленеді. Оны төлеу үшін біз сот қаулысын алуымыз керек», — деді Shymkent bus компаниясының жол қауіпсіздік бөлімінің басшысы Жамалидддин Рысқұлов.