Сағынтаев: Біз қанша жыл күттік, тағы біраз күтейік

0
189

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындармен кездесу барысында қала тұрғынының «Алтын Орда» базарының жанынан өткел салу туралы сұрағына жауап берді. Жас жігіт осы кептеліске байланысты күніне төрт сағатының жұмысқа келіп-кетуге кететінін айтып шағымданды, деп хабарлайды ORDA. ақпарат агенттігі. 

«Бәріміз Алтын Ордадағы жол кептелісінен шаршадық. Мен бұл туралы үнемі естимін. Бұл сұрақтар мені де мазалайды. Бірақ олар Министрліктің бақылауында. Министрлік мердігер алды, ақша бөлінді. Министр оларды жылдың аяғында бітіретінін айтты. Біз осынша жыл күттік, тағы біраз күте тұрайық. Мен де оның тез аяқталуын күтіп жүрмін», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Алтын Ордадағы өткелдің құрылысы 2017 жылы басталды. Жоба бойынша жүріс бөлігін 10 жолаққа дейін, эстакадасы бар бір бұрылыс сақинасы, бұрылыс эстакадасы, Ақсай өзені арқылы өтетін көпір және үш жаяу жүргінші өткеліне дейін кеңейту жоспарланып отыр.

Жұмыстың аяқталуы үнемі кейінге шегеріліп келеді. Жақында «Қазавтожол» торабының құрылысын 2021 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр деп хабарлады. Жобаға 10,8 миллиард теңге бөлінді.