Мұхамеджан Тазабек Нұр-Сұлтан атауына қатысты: Жүздеген адамдар менің есімімді ұлдарына қойып жатыр — Қазақстан жаңалықтары
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел астанасының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге қатысты жарлыққа қол қойды. Елорданың атауы ресми түрде Елбасының атына ауыстырылды. Бұл орайда айтыскер ақын, «Асыл арна» телеарнасының басшысы Мұхамеджан Тазабек аталған жайтқа қатысты пікір білдірді, деп жазады Stan.kz.
«Нұр — Сұлтан» деп елорданың есімі өзгергенге менен біраз оқырмандарым пікір сұрады. «Елбасы биліктен кете салып, апыр-топыр қылмаса да, уақыт өте шешілетін дүние еді, неге сонша асықтырды» дегендер де болды…
«Мен қарсымын, xалықпен ақылдаспады» деген де реніштер парақшама жазылып жатты… Осы айтылған сұрақтар төңірегінде мен не ойлаймын..?
Ашып айтайын, маған керегі елдің тыныштығы, тәуелсіздіктің баяндылығы!
Біржақты жауап берердей биліктің де өкілі емеспін, xалықтың атынан сөйлейтіндей де қақым жоқ екенін де жақсы білемін. Өз парақшамда, өз ойымды ғана айтайын…
Руxани ағартушылықпен айналысқасын ба, алдыма әртүрлі адамдар әртүрлі проблемамен кеп жатады. «Ойнастан бала көтеріп қойып, не істерін білмей жүрген бойжеткен, әкесіне қол көтеріп қойған сормаңдай бала, жұбайын ұрып мүгедек қып қойған күйеу, жесір әйелдің үйін өртеп жіберген маскүнем көрші…»
Кіммен кездеспедік, не естімей жүр дейсіз?! Айта берсең аузың шаршайды, ести берсең жүрегің қатаяды.
Әлгіндей жандардың әңгімесін ә, деп естігенде қабағың түйіліп, қаның қараяды…
Қатты айтып тастауға бекініп немесе бұрылып кетуге бел буа бастайсың. Аздан соң оның да өзіңдей пенде екенін, тығырыққа тіреліп, таяныш іздеп келгенін, қапастан шығар жол таппай, шыбын жаны шырқырап тұрғанын сезген кезде, сабаңа түсіп, сабырға кеп, әлгі адамның жанына медет болатын, құтылуына себеп болатын жауап іздей бастайсың…
Басында «біткен жерің осы шығар, бұдан әрі не жақсылық бар дейсің, әбден тынған екенсің» деп те, жерден алып,жерге салғың келеді…
Бірақ, мұсылманшылығың, қазақи тәрбиең оған жіберсін бе, жаның ашып, жібіп, ақылдасып, алдын ашуға әрекет ете бастайсың…
«Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген рас екен. Алла жәрдем етіп, сол сүрінгендердің көбінің шаруасы шешіліп, қателігінің қиюы табылып, ұрысқандары табысып, кеткені келіп, кемісі толып жатады. Қаншама мүмкін емес, деген мәселенің оң шешім тапқанына куә болдым, жаныңды шыжғырғандай болған оқиғалардың арты xайырлы боп, оң істердің бастауына айналғанын көрдім…
Осы айтылған жан түршігерлік жағдаяттардан кейін де жақсы күндер сол пенделердің басына келген болса, өз басым Астананың аты ауысқанын ондай бір үлкен қасірет, орны толмас ойсырау, көпке қылған қиянат деп қабылдай алмадым.
Болар іс болған екен. Астананың есімі асқаралы адамның атына ауысқан екен. Ерте ме кеш пе бір болатын тірлік қой. Хақтан xайырын сұрадым. Алладан берекесін сұрадым.
Бір мысал айтайын. Жыл сайын жүздеген адамдар менің есімімді ұлдарына қойғанын айтып жатады. Өтіп кеткен ештеңем жоқ. Іштей қуанасың. Мұның қалай, деп ренжімеппін. Сіздерде де ондай боп тұратынына күмәнім жоқ. Айдаладағы менің атымды туған баласына қойып жатқан ағайынның әрекетіне қарағанда астананың Нұрсұлтан аталуы жүз есе әділетті шешім, деп ойлаймын!» — деп жазды ол желідегі парақшасында.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz