Мұхамедиұлының адвокаты: «Тұңғышбай Жаманқұлов кек алу мақсатында арыз жазған»

0

Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Мұстақым Төлеев экс-министрдің үстінен арызды Тұңғышбай Жаманқұловтың жазғанын айтты.

Тұңғышбай Жаманқұлов көпе-көрнеу жалған ақпарат таратып, менің қорғауымдағы Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу мақсатында прокуратураға арызданған. Ол жалған деректерді алға тартқан. Соның негізінде заңсыз қылмыстық іс қозғалған, — деді адвокат Төлеев.

Айта кетейік, сотталушылардың бірі Азамат Көшенов сотқа Тұңғышбай Жаманқұловты куәгер ретінде шақыруды сұрады. Сот шешімі сағат 12:30-да шығады.

Астанада экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот процесі басталды. Сотқа экс-министр онлайн қатысып отыр. Істі Байқоңыр ауданы сотының қылмыстық істер жөніндегі судьясы Бағлан Ыдырысов қарайды.

Іс бойынша 4 сотталушы бар: Арыстанбек Мұхамедиұлы, Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садвакасова.

Айта кетейік, 2022 жылғы 28 мамырда сот санкциясымен Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды. Ол бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2019 жылғы шілдеде музей директоры болды. Оған дейін 5 жыл Мәдениет және спорт министрлігін басқарған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын сомасы 7 млрд теңгені құрағанын хабарлаған.