«Мүгедек ұлымды интернатқа өткізуге құжат жинадым, бірақ қимадым»: Алып қашудың құрбаны болған қыздың тағдыры – Қазақстан жаңалықтары

0
65

Бүгін бағы ашылмаған Салтананттың тағдырын баяндамақпыз. Салтанат Алматы облысында Сарыөзек ауылына келін болып түскен. Алып қашудың құрбаны болған қыздың тағдыры шырғалаң. Қасында арқа сүйер азаматы жоқ, екі ұлын жалғыз асырап отыр.

Бұл туралы «Аялы алақан» бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Салтанат 2007 жылы Алматы облысының келін болып түседі, бірақ өз еркімен емес. Өзі танымаған жігіттің жары болды.

«Әке-шешемнен ерте айырылғанмын. Бес ағайындымыз. Үлкен ағама сөз келмесін деп осы үйде келін болып қалдым. Қайын жұртым мені мазақ етіп келді. Күйеуім де, қайын әпкелерім де. Келін болған соң тоғыз айдан кейін бала босандым. Баланың бірреттік жәрдемақысын қайын әпкем алып алды. Ағым ауыр кезде жұмыс істедім. Маған ішер тамағыңды өзің тап дейтін. Екінші балам сал болып туды. Күйеуім оған мүлде қарамады. Бір күні менен кетуімді сұрады. «Мен жұмысқа кеттім, мен келгенде болмаңдаршы» деді. Екі баламды алып, Алматыға кеттім. Сіңлімнің жанына келдім», – деді Салтанат Үмбетәлиева.

Бұдан ауыр сөз естімеген Салтанат іштен шыққан екі баласын алып, Алматыға аттанады. Сіңлісінің жанында пәтер жалдап тұрады. Ішерге ас, киерге киім таппаған соң науқас ұлын интернатқа уақытша өткізе тұруды ойлайды.

«Екі рет құжат жинадым. Бере тұрайын, кейін қайтып алам деп ойладым. Құжаттары реттеліп, баланы апару керек кезінде қимадым. Оны жіберіп алып, өзім қалай өмір сүремін деп ойладым. Өзім есімнен танып құладым. Алланың берген сынағы шығар. Баланы интернатқа өткізбеу керек екенмін деп шештім», – деді көз жасына ерік берген ана.

Үнемі күйзелістің, күтімнің жоқтығының кесірінен Салтанаттың миынан ісік шығып, ота жасауға тура келеді. Дәрігерлер ісіктің тек жартысын ғана алып тастады. Бүгінде тек дәрімен өмір сүреді.

«Ағама қолхат жаздырып алды. Дәрігерлер ісіктің бәрін алып тастаса, мүгедек болып қалуы мүмкін деп ескерткен. Тіпті өліп кетуі мүмкін екенін не емделіп шығуы мүмкін екенін айтқан. Осындай тәуекелге барды. Бірақ мен ояндым. Екі балам үшін жігерім мықты болған шығар деп ойлаймын. Алланың қалауымен екі баламмен қайта қауыштым. Бірақ дәрі ішпей қалсам, тілім байланып, аяқ-қолым істемей қалады», – дейді Салтанат.

Бүгінде інісіне Салтанаттың үлкен ұлы Абылай қарайласады. Бала болып ойнаудың орнына інісінің күтіміне қарап, анасының бір жағына шығысып жүр.

«Інімнің емделіп кеткенін қалаймын. Анамның жазылғанын қалаймын. Өскенде жұмыс істеймін. Ақша тауып, екеуін емдетемін. Анам өліп қалмаса екен деп құдайдан тілеймін. Анам мені байлыққа емес, Құранға жақын қылып өсірді. Аллаға осындай ана бергені үшін шүкіршілік етем. Әкеме де қатты өкпем жоқ. Өйткені қанша дегенмен әкем ғой. Анам әкем туралы, туыстарым туралы жаман айтпайды. «Қандай болса да, ол сенің әкең» деп отырады. Өмір бойы бұлай жүрмейміз ғой, өскен соң бәрін өзім жасаймын», – деді Абылай.

Қанша ауыртпалық көріп жүрсе де, Абылай көмек керек деген сөзді айтпады. Өкініші «әкеммен бәрі дұрыс болғанда жақсы отбасы болар ма едік» деген ойы ғана.

stan.kz