Моңғолиядағы қазақтар: Айшолпан Нұрғайыпқызы орден алды

0

Айшолпанға Моңғолияның туризм саласын дәріптегені үшін орден берілді

АСТАНА, 28 желтоқсан — Sputnik. Моңғолияда тұратын қазақтың әлемге әйгілі бүркітші қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы марапатталды.

Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулганың шешіміне сәйкес, бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы «Алтан гадас» орденімен (Поляр жұлдызы) марапатталды, деп хабарлады Prosports.kz. 

Бұл орден Айшолпанға Моңғолияның туризм саласын және дәстүрді дәріптегені үшін берілді.  

Естеріңізде болса, 2014 жылы ағылшынның «Daily Mail» басылымы құсбегілік өнерін игерген 13 жастағы қазақ қызы туралы мақала жариялап, Айшолпанды бүкіл әлемге танымал еткен болатын.

Осы күнге дейін әлемнің 30 елін аралап үлгерген бүркітші қыз қыркүйек айында Қазақстанға алғаш рет келіп, БАҚ-қа сұхбат берді. 

«Бүркітті алғаш рет қолға үйрете бастағанымда көптеген адам маған қарсы шықты. «Қыз балаға бүркіт ұстауға болмайды. Олар үйде отыруы тиіс» деп айтты. Бұдан да өзге көптеген сын айтылды. Бірақ мен бәрін жеңіп шығып, өзімнің нағыз бүркітші қыз екенімді дәлелдедім», — деді ол.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/