Моңғолияда қазақ тілінің еркіндігіне Негізгі заңмен кепілдік берілген – Өмірбек Қабай

0

Моңғолиядағы қазақтарды қандай мәселелер толғандырады? Бұл елде қазақ тіліне шектеу жоқ па? Осы және өзге де сұрақтар жөнінде KazUnite.com тілшісі Моңғолия қазақтарының «Kaznews.mn» ақпарат агенттігінің негізін қалаушысы, бас редакторы Өмірбек Қабаймен сұхбат құрды.

– Өмірбек мырза, ең әуелі басылым туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Кім қаржыландырады? Қаншалықты тәуелсіз портал? Сөз бостандығы бар ма?

– «Kaznews.mn» 2011 жылы моңғолияда қазақ тілді ақпарат порталы ретінде құрылды. Моңғолия Байланысты реттеу комитетіне ақпараттық құрал ретінде тіркелген. Моңғолия сайттар қауымдастығының мүшесі. 2019 жылы спортты насихаттаушы ақпараттық агенттік марапатын алған. 2020 жылы «Үркер» ұлттық сыйлығы аясында «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің 100 жылдығына арналған арнайы сыйлықтың жеңімпазы атанды.

«Kaznews.mn» ақпарат агенттігі Моңғолияның, Баян-Өлгий аймағының интернеттегі имиджін жақсартып, елді, аймақты танытуға, қазақ тілді контенттердің санын арттыруға үлес қосып келеді деуге болады.

Өзім қаржыландырамын. Агенттік қандай да бір ұйым мекемеге қарасты емес. Сондай-ақ Моңғолияда сөз бостандығына шектеу жоқ.

– Ал ел ішінде қазақ тіліне шектеу жоқ па?

– Қазақ тілінің еркіндігіне Моңғолияның Негізгі заңымен кепілдік берілген. Негізгі заңда көрсетілгендей, аз ұлт өкілдеріне ана тілінде қарым-қатынас жасауға, ана тілінде оқып, білім алуға, өнер мен мәдениетпен, ғылыми жұмыстармен шұғылдануға шектеу жоқ.

– Моңғолияда шамамен қанша қазақ тұрады? Тұрмыстары қалай? Қандай салаларда жұмыс істейді? Жоғары лауазымды қызмет атқарып жүрген қандастарымыз бар ма?

– 2020 жылғы статистикалық мәліметке сәйкес, елде 121 мың (кейбір деректерде 140 мыңға жуық) қазақ өмір сүреді деп көрсетілген. Олардың 42 пайызы қалалық жерлерде, 58 пайызы ауылдық жерлерді мекен етеді. Моңғолияның өзге азаматтарының тұрмыс деңгейі қандай болса, сол деңгейде өмір сүреді. Қоғамның барлық саласында қызмет атқарады. Бұған дейін де жоғары лауазымда көптеген азаматтар қызмет атқарып келді. Аты-жөнімен атап айтсам, бұл жерге сыймауы да мүмкін. Министрлер кеңесінің орынбасары, депутат, министр, вице-министр, комитет басшысы және дипломатиялық қызметтерді әркез абыроймен атқарып келген. 2020 жылғы Парламент сайлауында Баян-Өлгий аймағынан жоғары дауыс жинап, 3 қазақ ұлтының өкілі депутат болып сайланды. Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін бір қандасымыз атқарып жүр. Бұдан бөлек те жоғары лауазымда қызмет атқарып жүрген азаматтар баршылық.

– Қазіргі таңда Моңғолиядағы қазақтарды қандай мәселелер толғандырады? Сіздер баспасөз бетінде қандай мәселелерді көтеріп жүрсіздер?

– Мәселе әркімде әртүрлі болуы мүмкін. Ал мені білім сапасының құлдырауы толғандырады.

– Шетелдердегі қазақтарға, әсіресе Шыңжаңдағы қазақтарға қатысты басылымның нақты ұстанымы бар ма? Бұдан басқа да әлемдегі қазақтардың қандай да бір мәселесін қозғап жүрсіздер ме?

– Әлем қазақтарының мәселесін қозғайтын деңгейде іс атқарып жатқан жоқпыз. Бұл жөнінде нақты ұстанымымыз жоқ.

– Әлі күнге дейін жан-жақтағы қазақтар бір-бірінің жазуын түсінбейді. Бұл ретте Қазақстанның әзірлеген қазіргі латын әліпбиі туралы не айтасыз? 

– Ортақ әліппи болғанын қалаймын және латынға көшуін қолдаймын.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде кириллицаға қарағанда латынша қаріпті қолданатын адамдар көп. Қазақстандық латын әліпбиінің нұсқасы халықаралық талаптарға сай жасалған болса, кеңінен тарай алады. Алайда кейбір символдық әріптерді бағдарламалар түсінбей жатады. Мұндай кезде адамдар өздеріне ыңғайлы етіп жаза береді. Латынға көшу үрдісі басталған екен, онда бірден классикалық латынға көшу керек деген пікірдемін.

– Сұхбатыңызға рақмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!