Мойынға алқа тағу қалай пайда болды?

0

Сүлеймен Былқыс патшаның атағын естіп, оны көрмекке ынтық болды. Оған хат жазып, қонаққа шақырады. Хатты бәбісекке беріп:
– Мұны Былқыс патшаға жеткіз! – деп бұйырды. Бәбісек хатты тұмсығымен тістеп, Саба еліне қарай ұшып кетті. Ханшаның ордасына кірсе, ол ұйықтап жатыр екен. Бәбісек түндіктен кіріп, хатты оның бас жағына қойды. Қыз оянбады. Бәбісек оны көкірегінен шоқып оятты. Былқыс оянса, қасында хат жатыр екен. Хатты ашып оқып, Сүлеймен патшаның шақыруын қабыл алады.
Бәбісектің тұмсығының ізі Былқыстың көкірегінде тыртық болып қалып қояды. Бәбісек оны көріп қорқып кетеді:
– Иа, Алла, мен Былқысты оятпақшы болып, оның көкірегін жаралап алдым. Бұл жайды Сүлеймен патша білсе мені өлтіреді. Мені құтқара гөр, – деп Тәңірге жалбарынады. Сол кезде Жебірейіл періште пейіштен дүр гауһармен өрнектелген алқа әкеліп тақты. Былқыс көркіне көз тоймайтын көркем аруға айналды. Сарайдағы қыз-келіншектер оның алқасын көріп есінен танды. Олар да ханшайымына еліктеп, асыл тастардан алқа жасатып мойындарына тағуды әдетке айналдырды. Содан бастап әйелдердің алқа тағуы сәнге айналыпты.

http://inform.kz