ММА әлеміндегі тарихи оқиға: Қазақстандық файтер үш дүркін әлем чемпионы атанды (фото, видео)

0

29 қаңтарда Абу-Дабиде ММА бойынша әлем чемпионаты аяқталды. Бұл айтулы додада ақтөбелік Бағдат Жұбаныштың (52,2 келіге дейін) хет-тригі ММА әлеміндегі тарихи оқиға болды, деп хабарлайды Қазақстанның біріккен ММА федерациясының баспасөз қызметі. Бағдат Жұбаныш финалдық жекпе-жекте ресейлік Фарход Рахмоналиевті жеңіп, ММА тарихында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы атанды. Жекпе-жектің үш раунды да қазақстандықтың басымдылығымен өткен. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті Жұбанышқа берген.

Одан бөлек, 65,8 келіге дейінгі салмақта сынға түскен шымкенттік Бекзат Жасия ММА бойынша ересектер арасындағы әлем чемпионатының екінші алтынын қанжығасына байлады. Ол ақтық сында испаниялық Хуан Изкуэрдоны жеңді.

Айта кетейік, ММА-дан биылғы әлем чемпионатына әлемнің 56 елінен 421 спортшы қатысты. Жарыстар 18-21 жас (жастар) және 21+ (ересектер) жас санаттары бойынша өтті. Қазақстан атынан 29 салмақ дәрежесі бойынша 42 спортшы қатысты. Ересектер арасындағы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында екі «алтын», үш «күміс» және алты «қола» бар. Ал жастар арасындағы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан 2 алтын, 4 күміс және 6 қола медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді.