Митинг қарсаңында Алматыда тағы үш белсенді қамалды
14 ақпанда тағы үш белсенді қамалып, біреуіне ескерту берілді. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне адвокат Жанар Балғабаева хабарлады. Ол сотта үш белсендінің құқығын қорғаған.
Сот шешіміне сәйкес, Бексұлтан Пернебайұлы — 10 тәулік, Нұршат Низамбинов — 9 тәулік, Альберт Жылқайдаров 15 тәулікке қамалды. Сәкен Оразовқа ескерту берілген. Олар 11 қаңтар күні өткен қытайлық «Сергек» камераларын орнатуға қарсы митингіге қатысқан. Белсенділерге «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деген айып тағылды.
Жанар Балғабаеваның айтуынша, бұған қоса 13 ақпанда Қайырбек Кенжеахметов 15 күнге қамалған.
Бұған дейін Азаттық сол күнгі наразылық үшін белсенділер Асхат Жексебаев пен Марат Айтпаевтың 15 күнге қамалғанын хабарлаған еді. Тағы бір белсенді Шалқар Тасыбековтің соты 15 ақпанда болады. Адвокаттың айтуынша, ол жұма күні судьяны ауыстыру туралы өтініш беріп, сотта дау болған.
Осылайша 13-14 күні Алматыда әкімшілік жазаға тартылғандар саны сегізге жетті:
- Дархан Уәлиев — 15 тәулік, 13.02 күні қамалған;
- Қайырбек Кенжеахметов — 15 тәулік, 13.02 қамалған;
- Асхат Жексебаев — 15 тәулік, 14.02 қамалған;
- Марат Айтпаев — 15 тәулік, 14.02 қамалған;
- Альберт Жылқайдаров — 15 тәулік, 14.02 қамалған;
- Бексұлтан Пернебайұлы — 10 тәулік, 14.02 қамалған;
- Нұршат Низамбинов — 9 тәулік, 14.02 қамалған;
- Сәкен Оразов — 14.02 күні ескерту берілді;
Белсенділер келесі аптада жоспарланған билікке қарсы наразылық шарасы қарсаңында ұсталып жатыр. Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жұртты 22 ақпанға митингіге шақырған.
- Соңғы жылдары Қазақстанда Әкімшілік кодекстің 488-бабымен («Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзу») жүздеген адам жазаланған.
- Қазақстанның қазіргі заңына сай, жұрт қандай да бір митинг, наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Әкімдіктер көбіне түрлі себеп айтып, митинг өткізуге рұқсат бермейді.
- 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп таныған. Осыдан кейін қозғалысты қолдайтын ондаған адам «тыйым салынған ұйым қызметіне араласты» деген айыпталған. Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.