министрлік Қордайда болған оқиға туралы нақты ақпарат берді

0

Қақтығыс салдарынан оқиға орнында сегіз адам қаза болса, тағы екеуі ауруханада көз жұмды. Сегіз адам жансақтау бөлімінде жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Қордайда болған тәртіпсіздіктер кезінде қаза болғандардың санын нақтылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Өкінішке қарай, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 10 адам қайтыс болды. 43 адам ауруханаға жеткізілген болатын. Қазіргі кезде 39 адам ауруханада жатыр», — деді Калайчиди астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жарақат алғандардың ішінде құқық қорғау органының 3 қызметкері бар. Үшеуіне де оқ тиген.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаева да 10 адамның қайтыс болғанын растады. Оның сөзіне қарағанда, оқиға орнында 8 адам қаза болса, тағы екеуі ауруханада көз жұмды. Сегіз адам жансақтау бөлімінде жатыр. 

Қордайдағы оқиға

7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне «Қордай ауданының Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр» деген ақпарат түскен. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберіледі. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуеметтік желі арқылы таратқан.

Соның салдарынан жақын жердегі Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарынан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылады. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған. Салдарынан 8 адам қаза болды. Жүздеген адам жарақат алды. Қырғызстан жаққа өтіп, емделіп жатқандар да бар. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде екі полицейге оқ тиді.

Жаппай төбелестің арты тәртіпсіздіктерге ұласқан. Қазіргі мәліметке сәйкес, 30-дан астам жеке үй, 15 сауда үйі мен 23 көлік зақымданды. Кеше сағат 21:00-ден бастап Қордай ауданында төтенше жағдай енгізілді.

Кеше ұсталған адамдардың біразы босатылды. Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.

Тоқаев кінәлілер туралы айтты

Бүгін мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында Қордайдағы қақтығыс кімнің кесірінен болғанын айтты.

Ол мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы кесірінен арандатушылар қантөгіс жасағанын айтты. Олар жазаланатыны туралы да жазған. Президент мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсететінін жеткізді.



sputniknews.kz