Министрлік карантин ережесін бұзған қазақстандықтар жауапқа тартылатынын айтты

0

Коронавирус анықталған елден қайтқан қазақстандықтар карантин ережесін бұзса, әкімшілік жазаға тартылады. Бұл туралы 19 ақпанда Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлімдеді.

Ахметшәріптің айтуынша, министрлік Қазақстанда карантинде болатын адамдарды үш топқа бөлген. Біріншісі — 6 ақпаннан бері Қытайда болып келген азаматтар. Олар міндетті түрде 14 күнге ауруханаға карантинге жатқызылады. Екінші топқа коронавирус көп анықталған елдерден (кемінде он адам вирус жұқтырған) келгендер кіреді. Олар 14 күн үйде карантинде болуы тиіс және тағы он күн тұрғылықты мекенжайы бойынша дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Ал үшінші топқа оннан аз науқас тіркелген елдерден келген азаматтар жатады. Олар 24 күн бойы тұрғылықты жердегі дәрігердің қадағалауында болуы тиіс. Егер қазақстандықтар карантин тәртібіне бағынбаса, заңға сәйкес жазаланбақ.

— Шарттарды бұзған барлық азамат Әкімшілік кодекстің 462-бабына сай («Билік өкіліне бағынбау») жауапқа тартылып, айыппұл белгіленеді. Егер мұндай құқық бұзушылық анықталса, жергілікті учаскелік дәрігерлер мен ішкі істер қызметі өкілдері қадағалайды. Қажет болса, мамандар күн сайын үйіне барып тұрады, — деді Диас Ахметшәріп.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қазақстандықтарды індет өршіп тұрған шақта коронавирус тіркелген елдерге шықпауды өтінді.

19 ақпандағы мәліметке қарағанда, қазір Қытайда коронавирус жұқтырғандар 74 мыңнан, қаза болғандар 2000-нан асқан. Қытай билігінің дерегінше 12 мың адам коронавирустен айыққан. Орталық Азия елдерінде коронавирус жұқтырғандар жоқ.

Сәрсенбі күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігі коронавирус табылып, Жапония жағалауында карантинге тұрып қалған Diamond Princess кемесіндегі төрт қазақстандық 19 ақпанда карантиннен шығады, қосымша тестен аман-есен өтсе, жақын арада Қазақстанға оралады деп мәлімдеді. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, төрт азаматтан коронавирус табылмаған.

Министрдің айтуынша, төрт азамат Қазақстан мен Жапония арасындағы тікелей рейс арқылы елге жетеді. Бірақ олар жол шығынын өздері өтейді.

Оқи отырыңыз: Коронавирус табылған лайнерде Қазақстанның төрт азаматы: 8 және 12 жастағы немерелерімен екі әйел отыр

Azattyq