Министр жатақханаға мұқтаж студенттерге арналған «Жедел штаб» жұмысымен танысты

0

Алматыдағы «Жедел штаб» жұмысымен танысуға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келді деп хабарлайды Kznews.kz  «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. Бүгіннің өзінде 17 студент жатақханаға орналасыпты. 

Жыл сайын ЖОО түсушілердің саны артуда. Еліміздің  түкпір-түкпірінен білім қуып келетін талапкерлер жыл сайын жатақханада орын таппай қиналуда. Биылдың өзінде  жатақхана таба алмай жүрген студенттердің бейнежазбалары әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәселені өз қолдарына алып, шешімін табуға уәде берген еді.

Міне, көп уақыт өтпей, Алматыда «Жедел штаб» өз жұмысын бастағанын естіп, қуанудамыз. Жедел штаб тәулігіне 100-ге дейін студентті қабылдауға дайын. Штаб жұмысымен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек танысып, студенттермен кездесті. Министр келесі жылдан бастап көп балалы және мұқтаж отбасылардан шыққан студенттерге шәкіртақыға қосымша 50-60 мың теңге қаражат қарастырылатынын айтты. Бұл көмек студенттердің пәтер немесе жатақхана жалдап тұруы үшін беріледі.

«Енді кез келген жоғарғы оқу орны бізден лицензия немесе рұқсат алу кезінде жаңа мамандық ашу үшін арнайы шарт, талаптар қойылады. 100 адамды қабылдасаңыз, осы бағдарламада онда 100 жатақхана орындарды талап етеміз біз. Сондықтан шарттар күшейеді. Арнайы Қаржы орталығымен бірігіп, бағдарлама пысықталады. 2026 жылға дейін 70-80 пайыз қажеттілікті жабуға тырысамыз. 2029жылға қарай 100 пайыз осы мәселені шешуге тырысамыз», — дейді ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Жедел-штаб Сәтпаев университетінің екінші жатақханасында орналасқан. Оған Алматыға оқуға түскен кез келген студент немесе олардың ата-анасы хабарласа алады. Штаб өкілдері әр студенттің білім алатын университетіне хабарласып, оларға жатақханадан орын берілуін қадағалайды. Оған дейін екінші жатақханада екі күн тұра алады. Бұл жұмысқа Алматының барлық жоғары оқу орны атсалысады.