Министр жаңа құрылыстың жобасын қолдады
Қысқа сілтеме алу
Еңбек министр Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, бұндай нысан тіпті Орталық Азияда жоқ, елімізде де алғаш рет салынбақ
НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елордада зағиптар үйін салу бастамасын қолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін «Nur Otan» қоғамдық қабылдауында министрге зағиптар үйінің жобасы таныстырылды. «Мирас-А» қайырымдылық қоры Серік Жүзбайдың айтуынша, зағиптар үйін отбасылық орталық үлгісінде салу жоспарланып отыр. Жоба бойынша орталықта жатын орындар және қоғамдық шараларға арналған бөлмелер қарастырылған.
Тағы оқыңыз: Көзі көрмейтін қазақ баласы халықаралық олимпиадада суперчемпион атанды
«Зағиптар сол жерде жатады. Мәдениет үйі де, жаттығу залы да, бассейн де, көз емдеу кабинеті де болады. Сосын кәсіби іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береміз. Бизнеспен айналысуға және тағысын тағы. Былайша айтқанда, зағиптар орталығы болады. Орталық Азияда ондай нысан жоқ», — деді Жүзбай Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, орталықтың жалпы ауданы — 980 шаршы метр. Ал құны — 5 миллион доллар. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтанда жер учаскесін беру мәселесі пысықталып жатыр. Алдағы уақытта демеушілермен арнайы кездесу ұйымдастырылады. Министр Нұрымбетов осы жобаның құрылысын қолдады.
«Идеяларыңыз жақсы. Мен қолдаймын. Оның үстіне Қазақстанда бұндай зағиптар үйі болмаған. Оны бастау керек. Біз демеушілік және тағы басқа ұйымдастырушылық шараларға, осыны қоғамға жеткізуге толығымен қатысамыз. Менің орынбасарым бар. Оған бәрін тапсырамын», — деді Нұрымбетов.
Министр демеушілермен кездесуге де шақыруды қабылдады.
sputniknews.kz