Министр Сарытеректегі «толқуға» байланысты түсініктеме берді

0
1

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында 19 ақпанда коронавирусқа байланысты туындаған тұрғындар наразылығына байланысты түсініктеме берді.

– Кеше түнде ШҚО Зайсан ауданы Сарытерек пен Айнабұлақ ауылдарында халық толқуы болды. Жергілікті тұрғындар осы ауылдарға Қытай азаматтарын карантинге әкелетіні туралы толық емес, жалған ақпарат алған. Бұл мүлде мүмкін емес. Жолаушылар тасымалдауы үшін шекара жабылған. Тұрғындар осыны тоқтатуды талап еткен, – деді министр.

Оның айтуынша, қазір ШҚО мен Алматы облысында Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара бекеттерінен өте аз адам өтіп жатыр. Бұлар – негізінен шекара аумағында саудамен айналысатын, жүк көліктерін айдайтын қазақстандықтар. 20 ақпанда карантин туралы жаңа ереже күшіне енгендіктен Зайсанда шекарадан өткен азаматтарға осындай арнайы орындар әзірленеді.

19 ақпанда Зайсан ауданына қарасты Сарытерек және Айнабұлақ ауылында тұрғындар Майқапшағай шекара бекеті арқылы Қытайдан бері қарай өткен бір топ жолаушыны осы елдімекендерге әкеліп, карантинге жатқызуға қарсылық білдірген еді.

20 ақпанда бұл наразылық Зайсанның өзінде жалғасты. Мұнда әкімдік алдына жиналған тұрғындар облыс әкімі Даниал Ахметов шекара бекетін жабуды, жолаушыларды карантинге жатқызбауды талап етті. Ал облыс әкімі Даниал Ахметов халықты сабырға шақырып, тұрғындардың арыз-шағымын тыңдады. Тұрғындардың айтуынша, 20 ақпанда күндізгі сағат 16.00 шамасында облыс әкімі тұрғындармен тағы кездеспек.

– Қазір сағат төртте халық жиналады. Облыс әкімі жоғарыдағылармен сөйлесіп, жауабын айтамын деді. Халықтың талабы осында Майқапшағай – Омбы халықаралық трассасын салып жатқан қытайлық «Синь Синь» компанияның жұмысшыларын елден шығарып, шекараны жабу. Халық қажет болса, кеден бекетін кезек-кезек өздері күзетуге дайын екенін, өздерінің ешкімге сенбейтінін айтып отыр, – дейді жергілікті журналист Еркебұлан Загипаров Азаттық тілшісіне.

19 ақпанда денсаулық сақтау министрлігі коронавирус анықталған елден қайтқан қазақстандықтардың 14 күндік карантиннен өтуі тиіс екенін, ереже бұзғандар жауапқа тартылады деп мәлімдеген.

20 ақпандағы мәліметке қарағанда, қазір Қытайда коронавирус жұқтырғандар 74 мыңнан, қаза болғандар 2000-нан асқан. Қытай билігінің дерегінше 12 мың адам коронавирустен айыққан. Орталық Азия елдерінде коронавирус жұқтырғандар жоқ.

Azattyq

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз