Министр Қордайда ақсақалды ұрған адамның қандай жауапқа тартылғанын айтты

0

Полицейлерге қол көтерген үш адам да қамауға алынды, таяуда қылмыстық іс сотқа жіберіледі, деп хабарлады Тұрғымбаев

НҰР-СҰЛТАН, 21 ақпан – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордайда қарт кісіге қол көтерген адамның қамауда отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Ақсақал бойынша айтатын болсақ, оған қол көтерген азаматты ұстадық. Ол екінші күні ұсталған болатын. Қазір қамауда отыр. Медициналық сараптама аяқталғаннан кейін істі сотқа жіберетін боламыз», — деді Тұрғымбаев сенатта өткен үкімет сағатында.

Оның айтуынша, полицейлерге қол көтерген үш адам да қамауға алынды. Бір-екі аптаның ішінде қылмыстық іс сотқа жіберіледі.

Айта кетсек, бұған дейін Жамбыл облысы Қордай ауданында 80 жастағы ақсақалдың екі баласын ұрып-соққандар ұсталғаны хабарланған еді. 

Әлеуметтік желілерде Масанчидегі жаппай тәртіпсіздікке қарияның соққыға жығылуы себеп болды деген әңгіме тараған болатын. Зардап шеккен қария мен екі ұлы Қордай ауданының Қаракемер ауылында тұрады.

Кейін Бас прокуратура Қордай ауданының полиция қызметкерлеріне зорлық-зомбылық жасау ісі бойынша тергеу аяқталғанын мәлімдеді. Тәртіп сақшыларына қол көтерген ағайынды үш жігіттің ұсталғаны белгілі болды. Айыпталушылар өз кінәсін толық мойындап, тергеу сотының санкциясымен қамауға алынған. 

Қордайдағы қақтығыс

Естеріңізге сала кетсек, 7 ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай тәртіпсіздік белең алып, салдарынан 10 адам қаза болды, 185 адам түрлі дене жарақатын алды. Масанчи ауылында 11 ақпанда үйінді астынан күйіп кеткен тағы бір адамның мәйіті табылды. 

Сондай-ақ, 39 тұрғын үй мен 20 коммерциялық нысан және 47 автокөлік отқа оранып, күлге айналды. 

Соңғы ақпарат бойынша полиция 90 қылмыстық іс қозғаған.



sputniknews.kz