Министр Қазақстанның солтүстігінде қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдірді

0

Болжам бойынша 2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 24,5 миллион болады. Дегенмен елдің солтүстігінде халық 0,9 миллион адамға азаюы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Петропавлда қазақстандықтарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру мәселелері талқыланды, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. 

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Петропавл қаласында Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге көшіру мәселелері бойынша республикалық селекторлық кеңес өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы Біржан Нұрымбетовтың мәліметінше, 2012 жылдан бастап республикада сыртқы көші-қонның теріс сальдосы байқалуда. Соңғы 5 жылда ол 2,3 есе өсіп, 2018 жылы 29,1 мың адам болған. Бұл санның 68% -тен астамы республиканың солтүстік өңірлеріне тиесілі.

Тағы оқыңыз: Солтүстік Қазақстанда мектептер жабылып жатыр 

«Соңғы бес жыл ішінде Ақмола облысынан басқа, солтүстік өңірлерде халықтың жыл сайын төмендеу үрдісі сақталды. Сонымен қатар, солтүстік өңірлерде туу коэффициентінің төмендігіне байланысты халықтың қартаю үрдісі байқалады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында халықтың табиғи өсуінің жалпы коэффициенті 1,14 балды құрайды, бұл ұлттық көрсеткіштен 10 есе аз. Егер бұл үрдіс жалғасатын болса, 2022 жылға қарай елдің солтүстік өңірлерінде жұмыс күшіне тартылған адамдардың үлес салмағы 59% -тен 50% -ке дейін төмендейді, ал жұмыс күшіне кірмейтін адамдардың үлесі 41% -тен 50% -ке дейін артады деп болжануда», – деді Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ, министр бұл теріс құбылыстар азаматтардың республика бойынша қоныстануында айтарлықтай теңгерімсіздікке әкелетінін атап өтті. Болжам бойынша 2050 жылға қарай халық саны 24,5 миллион болады. Бұл ретте, елдің солтүстігінде халық 0,9 миллион адамға азаюы мүмкін, ал оңтүстігінде ол 5,3 миллион адамға көбейеді.

«Бұл мәселені шешу үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастардың солтүстік өңірлерге көшуін ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын ұсынатын механизм белсенді түрде қолданылуда. Бүгінгі күні қоныс аудару Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында жүзеге асырылып жатыр. 2020 жылдан бастап Қарағанды облысы да оралмандар мен қоныс аударушылар жайғасатын өңірлердің қатарына қосылады», – деді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, 2017-2019 жылдары 5 119 отбасы немесе 18 379 адам, оның ішінде 2019 жылдың 10 айында 2 266 отбасы немесе 8 168 адам қоныс аударды. Көшіп келгендердің жалпы санын 3 037 отбасы – еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушылар болса, 2 082 отбасы – шетелден көшіп келген оралмандар.

«Мемлекет қоныс аударушыларға тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындарын өтеуге көмек көрсетеді, яғни 12 ай бойы отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленеді. Биыл 4,1 мың адам жалпы сомасы 807 миллион теңгеге субсидия алды. Бұдан басқа, қоныс аударған әрбір азамат көшіп-қонуға кеткен шығындарын өтеу үшін бір мезгілде 35 АЕК көлемінде материалдық көмек алады», – деп толықтырды ведомство басшысы.

Кездесуді қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев халық санының өсуі Қазақстан үшін басты мәселелердің бірі екенін атап өтті.

«Елбасы 2050 жылға қарай ел халқын 25 миллион адамға жеткізуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Халықтың табиғи өсуі жаман емес, бірақ көші-қон жағдайында теріс сальдо бар. Елге келгендерге қарағанда кетуші азаматтардың саны көбірек. Оның себептерін егжей-тегжейлі талдап, тиісті шаралар қабылдау қажет», – деп тапсырды премьер-министрдің орынбасары.

Үкімет солтүстікке көшетіндерге миллион теңгеден береді

Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оңтүстіктен солтүстікке көшетіндерге қанша ақша бөлінетінін жариялаған еді.

Бірінші вице-министр Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, алдымен үйді көшіруге кететін шығындарға бір реттік төлем беріледі. Оның көлемі – отбасының әрбір мүшесіне 88 000 теңге.

«Бұдан бөлек, баспананы жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге 30 айлық есептік көрсеткіш – 75 750 теңге қарастырылған. Бұл ақша ай сайын бір жыл бойы төленеді. Сондай-ақ, көшіп келген адамдарды жұмысқа алған мекемелерге субсидия бөлініп тұрады», — деді Жылқыбаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, баспананы жалдауға берілетін ақшаны толығымен алуға да болады.

«Егер көшіп барған адам сатып алуға үй тапса, өтініш жазып, он екі айға берілетін қаржыны бірден алса да болады. Ол ақшаның көлемі 1 миллионға жуықтайды. Өзінің ақшасын қосып, үй аламын десе, бюджеттің қаржысы бірден аударылады. Мысалы, ауылдарда үй арзан», — деп атап көрсетті Жылқыбаев.



sputniknews.kz