Ғалым Әл-Фарабидің ұлты «қазақ» дейтіндерге жауап берді

0

Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр Әл-Фараби туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб (қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы маңайындағы ортағасырлық қала – Sputnik) қаласында дүниеге келді. Ғұлама ойшылдың толық аты-жөні – Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби.

«Ол әулетті отбасыда өмірге келді. Оның әкесі әскери қолбасшы болған. Орта ғасырда Фараб қаласы ғылым мен мәдениеттің ордасы еді. Мұнда Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхана орналасты. Осының арқасында Әл-Фараби ондағы құнды қолжазбалар және кітаптармен танысуға мүмкіндік алды. Ғалымның жастық шағы осы шаһарда өтті», — дейді «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Жақыпбек Алтайұлы «Әл-Фараби музейі» атты деректі фильмінде.

Ғұлама ғалым түркі тайпасынан шыққан. Бұған дәлел оның толық аты-жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Оның түркі тайпасынан шығуын филология ғылымдарының докторы, шығыстанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі растайды.

«Мен араб ғалымдарының кітаптарын оқыдым. Осы күнгі араб Фарх Саад есімді ғалымның бір дерегі бар. Онда Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ Әл-Фараби ат-Турки дейді. Яғни ол оның түркі текті екенін жазған. Ғалым ибн-Халиканда ат-Турки дегенді қосады. Ол Әл-Фарабидің түркі екенін жазады», — дейді ол Qareket бағдарламасында.

Ғалым қалай Әбу Насыр Әл-Фараби атанды

Ғалымның туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар «Барба-Фараб» деп атап кеткен. Сондықтан «әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Тарихи деректерде Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.

Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Ғалым алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болды.

«Ол Хамада қаласында араб тілін үйренді. Одан кейін 20 жылдай Бағдат қаласында тұрып, антикалық философиямен әлемдік мәдениетпен танысты. Жалпы Әл-Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл бар өмірін ғылым мен білімге арнады. Біздегі мәліметтерге сәйкес, ол 70-ке жуық тілді меңгерген», — дейді профессор Жақыпбек Алтайұлы.

Сондай-ақ ғұлама ойшыл медицина ғылымындарын меңгеруге де бар күшін салады. Ол біраз жыл Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып тұрақтап қалады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударып, 950 жылы өмірден өткенше сол өлкеде қалады.  

«Бұл не деген масқара!»: Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер

«Ол Дамаскіде «Қайырымды қала тұрғындары» атты атақты шығармасын жазып бітірді. Шаһар халқы ғалымды қатты құрметтеген. Әл-Фараби қайтыс болғанда халық оны үлкен құрметпен ақтық сапарға шығарып салды. 950 жылы 80 жастағы ғұлама ойшыл Дамаскідегі патшалар мазарында жерленді», — дейді «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

Екінші ұстаздың шығармашылығы

Әл-Фараби білімге деген құштарлығының арқасында Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанды. Ол 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып қалдырды. Ғалым философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттеді. Ғұлама ойшыл ғылымды 2 топқа бөлген:

Бірінші: теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген.

Екінші: практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фиқһ, кәләм (исламдағы өзекті тақырыптарын қамтыған ғылым саласы) ғылымдарын жатқызған.

Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» («Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы»).

«Ғалым қала басшыларын «қайырымды және надан» деп екіге бөледі. Ол кезде қала-мемлекет болған. Оның тұрғындары қай кезде бақытты болады? Ғалымның пікірінше, бұл шаһардың әкімдеріне байланысты. Егер әкім білімді, әділ, ойы таза болса, барлық қала тұрғыны бақытты болады. Ал қаланың әкімі надан болса, өтірік айтса, шаһардың адамдары бақытсыз болады. Әл-Фараби шын бақытқа жету үшін адам үнемі іздену керек дейді. Сондай-ақ адамның мінез-құлқы да жақсы болуы керек», — дейді Жақыпбек Алтайұлы «Әл-Фараби — өркениет философы» деректі фильмінде.

Сонымен қатар Әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен трактат» деген шығармасы әлемнің көптеген тіліне аударылған.

Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және тағы басқа да еңбектерін түсіндірген.

Ғалым Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сынды көптеген философиялық еңбек жазды. Бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар туралы баяндайды.

Мысалы, Әл-Фараби «білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді» деп ескертеді.

Ғалымның ұлты жайлы бірер сөз

Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Алайда бүгінгі күні қоғамда ғалымның ұлтына байланысты сан алуан пікір бар. Осы орайда шығыстанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі бұл мәселені түсіндірді.

«Бұл кісіні (Әл-Фарабиді – Sputnik) «қазақ» деп жазады. Оны «өзбек, тәжік» деп айтады. Ол – қате. Бұл кісі өмір сүрген уақытта біздің халқымыз жеке ұлт ретінде тарих сахнасына көтерілген жоқ. Сондықтан Әл-Фараби – түркі текті. Бұл мәселеге академик Гафур нүкте қояды. Ол «Әл-Фараби өмір сүрген уақытта қазақ, өзбек деген болған жоқ. Бірақ Әл-Фараби қазақ жерін мекендеген түрік тайпасынан шыққан. Бұл тайпа кейін қазақ халқының құрамына енді. Сондықтан қазақ халқының перзенті деуге негіз бар деп жазды», — дейді ғалым Qareket бағдарламасында.

«Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Жақыпбек Алтайұлы шығыстанушы ғалымның сөзін толықтырды.

«Орта ғасырда Әл-Фарабидің ұлтын нақты айту үлкен бір қателік болар еді. Себебі, ол тұста ұлттардың қалыптаспаған тұсы. Әл-Фарабиді түркі дүниесіне ортақ, мұсылман әлемінен шыққан ұлы жерлесіміз деп нақты айта аламыз», — деп түйіндеді сөзін ол.



sputniknews.kz