Министр елшілік қызметкерінің денесі елге қашан жеткізілетінін айтты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

4 0 0

Тілеубердінің сөзінше, әзірге елшілік қызметкерінің неден қаза болғанын айту қиын. Бірақ, суицид ең бірінші версия ретінде қарастырылып жатыр 

НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Мысырда жұмбақ жағдайда көз жұмған Қазақстан елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасовтың денесі елге Жаңа жылға дейін жеткізіледі. Бұл туралы бүгін сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкімет отырысынан кейін журналистер министрден Еламан Жолдасовтың денесі елге қашан жеткізілетінін сұрады.

«Жаңа жылға дейін, осы аптаның соңы немесе келесі аптада денесі елге жеткізіледі деп отырмыз», — деді Тілеуберді.

Министрдің айтуынша, елшілік қызметкерінің жұмбақ өліміне қатысты тергеу әлі аяқталмаған. Тергеу нәтижесі қазақстандық тарапқа берілген жоқ.

«Күте тұрайық. Тергеу материалдары қазір Мысырдың бас прокуратурасында, сол елдің сыртқы істер министрлігі арқылы бізге беріледі», — деді ол.

Тілеубердінің сөзінше, елшілік қызметкерінің неден қаза болғанын айту қазір қиын.

«Бірақ, суицид ең бірінші версия ретінде қарастырылып жатыр», — деді министр.

Жұмбақ өлім

Қайғылы оқиға осы жылдың 13 желтоқсанында болды. Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің екінші хатшысы Еламан Жолдасовтың жұбайы күндіз үйінің кіреберісінен күйеуінің мәйітін тапқан.

Кейін кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде Жолдасовтың аяқ-қолы байланып, өлі табылғаны туралы ақпарат тарады.

Алайда сыртқы істер министрлігі мұны жоққа шығарды. Алғашқы тексеру кезінде оның денесінде қандай да бір зақым, көгерген жер мен жарақат болмаған. Аяқ-қолы байланбаған.

Елшілік қызметкерінің өлімі: әлеуметтік желіде жалған ақпарат тараған

Қызметтік тексеріс жүргізу үшін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілдері Каирге аттанды.

Марқұмның мәйітіне сот-медициналық сараптама жасалып, нәтижесі жуырда Қазақстанға беріледі. Сондай-ақ, сыртқы істер министрлігі дипломаттың денесі Қазақстанға жеткізілгеннен кейін, қосымша сот-медициналық сараптама жүргізбек.

Айта кетсек, Еламан Жолдасов сыртқы істер министрлігі жүйесінде 2013 жылдан бастап жұмыс істеген. 2017 жылдың мамыр айынан Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің мәдени-гуманитарлық мәселелер жөніндегі екінші хатшысы қызметін атқарды.



sputniknews.kz