«Шетелдіктермен төбелесті» делінген бес жігіттің сотына «халық толқуын басу үшін» арнайы жасақ келді

0

Алматы облысында «шетелдіктермен төбелесті» делінген Қызылағаштың бес тұрғыны прокурормен процессуалдық келісім жасасады деп хабарлады олардың адвокаты Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне.

— Бүгін сот процесін ықшамдалған күйде өткізу немесе процессуалдық келісім жасасу туралы өтініш бергенбіз. Қазір прокурормен процессуалдық келісім жасасамыз. Ол бойынша жігіттерге екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған, — деді Жанар Балғабаева.

Оның айтуынша, бұл мәселе ертең түстен кейін сағат үште қаралады. Жанар Балғабаеваның айтуынша, бүгін сотқа өте көп адам келген. Сот үзіліс жариялағаннан кейін «қатты ажиотаж» болып, арнайы жасақ өкілдері келген.

— Халық не болғанын түсінбеді. Толқу басталды. Прокурор ертең бас бостандығы шектелгеннен кейін азаматтар бостандыққа шығады деп айтқаннан кейін ғана халық тынышталды, — деді адвокат.

«Атажұрт жастары» ұйымының жетекшісі Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, сотқа жәбірленуші жақ — қытай жұмысшылары келмеген.

Бұл іс бойынша сот 20 желтоқсанда басталған.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq