Қордайдағы қақтығыс: министр ақшаның қайдан бөлінетінін айтты
Үкіметтік комиссия Жамбыл облысы Қордай ауданында қираған үйлерді қалпына келтіру жоспарын әзірлейді
Қордай ауданындағы Масанчи ауылындағы трагедиядан кейін қалпына келтіру жұмыстарына қажет ақша үкімет резервінен бөлінеді. Бұл туралы бірінші вице-премьер қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, үкіметтік комиссия президенттің тапсырмасымен қираған үйлерді қалпына келтіру және басқа да шығындарды өтеу бойынша жоспар әзірлейді.
«Үкіметтік комиссия жұмысын аяқтағаннан кейін шешім қабылданады. Әзірге сома белгісіз, бүгін ертең шешіледі. Ақша үкіметтің резервінен бөлінеді. Бірақ, мұның бәрі үкіметтік комиссияның қорытындысы мемлекет басшысына ұсынылғаннан кейін ғана шешіледі», — деді Смайылов мәжіліс кулуарында.
Сондай ақ, ол жергілікті бюджеттен де қаражат бөлінетінін атап өтті.
Вице премьер Қордай ауданында төтенше жағдай режимі жергілікті бюджет пен сол жердегі республикалық ұйымдардың есебінен қаржыландырылып жатқанын нақтылады.
Лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды
Мемлекет басшысы Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды.
Сонымен қатар президент ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбековті қызметінен алуды тапсырды.
sputniknews.kz