Миллиардтарды легионерлерге шашқан жомарттықтың артында кім тұр?
Ауылдағылар 40 мың теңгеге жетер-жетпес айлық алып жүр. Осындай жағдайда мемлекет қаржыландыратын хоккейшілердің айына 40 млн теңге алғаны әділетті ме? Қымбатшылық қысқан заманда мұндай жомарттықтың өзі логикаға сия ма? Қоғам тарапынан көп көтеріліп жүрген осы мәселенің мән-жайын Ulysmedia.kz порталы жан-жақты зерттеп көруге тырысты.
Даудың басы спорт журналисі Аслан Қаженовтың фейсбукке жариялаған постынан басталды. Әуелі Ресей ақпарат құралдарында ҚХЛ-да ойнайтын хоккейшілердің айлығы жөнінде ақпарат шыққан екен. Журналист солардың ішінен «Барыс» ойыншыларын теріп, тексеріп шыққан. Жылына 1 млн долларға жуық алатын отандық клуб хоккейшілерінің табысын айға бөлгенде легионерлердің айлығы 30-40 млн теңге аралығын көрсеткен.
Аслан Қаженов
««Барыстың» өзі бір қызығы ондай ешқандай ақпарат бермейді. Меніңше, оны беруі керек. Өйткені оған ақша «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан аударылып жатыр. Яғни ол – халықтың ақшасы. Бірақ олар өздерін халықтың алдында есеп беруге міндеттіміз деп есептемейді», — дейді ол.
Аслан Қаженов құрлықтық лигада плей-оффтан ары аспайтын, әлем чемпионатында 7 команданың 6-нан ұтылатын құрамаға осыншама ақша шашу әділетсіздік деп есептейді. Әсіресе, «Барыс» есіре бастады дейді ол. Мәселен, қазақстандық Никита Михайлис 32 млн теңге жалақы алса, канадалық Линден Вейге ай сайын 39 млн теңге берілмек екен.
«Негізі жалақыға қатысты ақпарат байқаусызда шығып кетті. Әйпесе, біз білмейтін былық жетеді. Әсіресе, өз елінен бас тартып, біздің паспортты алған легионер қаншама?! Оларға бірнеше есе көп төленетіні анық. «Самұрық» ақшаны қайдан алып жатыр?!» — деп сұрақ қояды Аслан Қаженов.
«Самұрық» Абаевты нұсқайды, Абаев «прикол ұстайды»
Журналистің постынан кейін-ақ мәселе қызу талқыға түсті. Азық-түлік күнде қымбаттайтын заманда легионерлерге осылай мемлекеттің, халықтың ақшасын шашу – («Барыс» клубына қаражатты «Спорт қоры» арқылы «Самұрық-Қазына» бөледі) жұрттың ашуын туғызды. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Хоккейшілердің табысы астана түгілі түптегі Түркістан халқына да жеткен екен. Әлеуметтік жағдайы өзге өңірлерден ылғи қалыс қалып жүрген Түркістан халқына хоккейдегі шашпалық жақпай қалғанын байқаймыз. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың өзі сол өңірге барған кезде ақсақалдардың бірі министрдің алдына осы сұрақты кесе-көлденең қойған. Алайда ақсақалдың сұрағын толық тыңдағысы келмеді ме, министр онымен біршама полемикаға келіп қалды.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың Түркістан халқымен кездесуі
«22 адамның көп болса 4-5 ғана шетелдікі» деп түсіндіргісі келген министр оған. Алайда ақсақал министрдің жауабын тыңдамай «кедейлер 50 мың теңгеге күн көріп жүр» дей бергенде Абаев «кедейлер барып хоккей ойнамай ма!?» деп қойып қалды. «Қазақстандықтардан да небір мықтылар шығады» деген ақсақалдың сөзіне министр «шықсын, шығасыздар ма? Ақшасын төлейік – хоккей ойнайсыздар ма» деп жауап берді. Түркістаннан тараған сол отырыстағы видеоүзінді министрдің имиджіне тағы теріс әсер еткенін аңғаруға болады. Оның алдында да министрдің «шетелдік сериалдарды азайтыңыздар» деген кісіге «пультті ауыстыра салмайсыз ба?» деп ойнақы жауап бергені бар. Жалпы кейінгі кезде Абаев осындай қалыптан тыс әрі кейде орынсыз қалжыңдарымен жұрт назарына жиі ілігетін болып жүр.
Олар Барыс үшін тер төгіп жүр ғой…
Сұрақ Абаевқа бұдан бұрын ОКҚ алаңында да қойылған. Алайда министр бөлінген қаражатты орынды деп есептейтінін айтты. Алайда аргументі тастай деп айту қиын.
«Мәселеге басқа жағынан қарау керек. Барыс Аренада «Барыс» клубы жылына 60-қа жуық ойын өткізеді. Адам лық толы. Сондықтан «Барысқа» жанкүйерлер баруы үшін команда мықты болуы керек. Мықты болады Михалистердің арқасында! Ол Барыс үшін тер төгіп жатыр ғой. Сондықтан, ол клубтың өзінің саясаты болады. Қазіргі уақытта ең оңайы Барыс командасын жауып тастасақ, ақшаны не істейміз сонда? Қанша адам қолдап, қол шапалақтайды. Қаншама жас балалар сол Михалисті көріп, спортпен айналысады. Соның арқасында!» — деді брифинг барысында Дәурен Абаев.
«Қаражатты бөлеміз, бірақ бақыламаймыз»
Жоғарыдағы тақырыпшаның бірін «Самұрық» Абаевты нұсқайды» деуіміз тегін емес. Осы жылдың 11 шілдесінде спортқа ақша бөліп отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Қоғамдық кеңесінің отырысы өткен. Жиында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров дәл осы мәселені көтерді. «Осы жайттың өзі қаншама негатив туғызатыныны білесіздер ме?» деді ол «Самұрық-Қазына» өкілдеріне. Депутаттың жанында отырған қордың басқарушы директорларының бірі Назипа Нұрбаева «хоккей шуын» естіп отырғанын білдірді.
«Спортты қаржыландыру төңірегінде БАҚ тарапынан сұрақ туындап жатыр. Үкімет жүктеген тапсырмаға сәйкес, біз қаражатты – спорт бойынша бірыңғай оператор саналатын «Спорт қорына» (ресми атауы – «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» корпоративтік қоры) аударамыз. Бірыңғай операторды Мәдениет және спорт министрлігі белгілейді. Қаражаттың қалай бөлінетінін, нысаналы түрде жұмсалатынын бірыңғай оператор мен Мәдениет және спорт министрлігі шешеді», — деді Нұрбаева Абаевқа сілтеп.
Дегенмен депутат Саиров Нұрбаеваның жауабына қанағаттанған жоқ. «Егер қандай бар бір жеке компания белгілі бір хоккейшіге 1 млрд теңге айлық беріп отырса, ешкім ештеңе демес еді» дейді ол. Саиров ауыл балаларында бұқаралық спортпен айналысарлық жағдай жоқтығын атап өтті. Өйткені спортзалдар да, қажетті жаттығу құралдары да жоқ. Ал бір хоккейшіге бөлінетін жарты миллиард теңгеге бүтіндей бір ауданның мектептерін қажетті спорт керек-жарақтарымен жабдықтауға болар еді.
«Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Жәмішев те осы сұраққа жауапты Мәдениет және спорт министрлігіне қойылуы керектігін қосты.
Ақшаны Үкіметтің қадағалауымен бөлеміз
«Самұрық-Қазына» қоры «Спорт қорына» 2022 жылы спортты дамытуға 24 млрд теңге бөлгелі отыр. Оның 8 млрд теңгесі «Барыс» клубына аударылады.
Ulysmedia.kz порталы «Спорт қорының» баспасөз хатшысы Асқар Хамиденмен тілдесіп көрген.
«Былтырлары «Астана» футбол клубына 2018-2021 жылдары бөлінген қаражатқа өте үлкен аудит жүргізіліп, 4,2 млрд теңге қарызының бары айтылды. Қазір клубтарды бақылау бойынша қор тарапы үлкен жұмыстарды жүргізіп жатыр. Клубтардың бюджеттері 2022 жылы 20 пайызға дейін қысқарды», — дейді ол.
«Яғни қоғам тарапынан футбол мен хоккей клубына айтылып жатқан сындарды ескере отырып, ақша қысқартылып жатыр ма?» деген сұраққа ол «иә, нәтижесі деп қабылдауға болады» деп жауап берді.
“Барыс” хоккей клубы
«Бізге клубтар «бізге осынша қаражат керек» деп өтінім жібереді. Содан кейін біз ол қаражаттың нысаналы жұмсалуы бойынша арнайы анализ жүргіземіз. Қаржылық, заңды жағынан арнайы қорытындылар шығарылып, одан кейін Қамқоршылық кеңес қарайды. Оған Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық етеді. Құрамында Дәурен Абаев та бар. Сол Қамқоршылық кеңестің қадағалауымен бөлеміз», — деп түйді Асқар Хамиден.
Мақала жазылып жатқан кезде «Спорт қоры» сайтында «Барыс» хоккей клубының Линден Веймен жаңа келісімшарт жасасқаны жарияланды. Келісім бір маусымға есептелген (2023 жылғы 30 сәуірге дейін). Алайда легионерге айына қанша ақша төленетіні туралы ақпарат қоса берілген жоқ.
Тоқаевтың тапсырмасы орындалмай жатыр
Аслан Қаженов осыған дейін бұқаралық спортты дамыту жөнінде тапсырма берген президент Тоқаевтың сөзі еленбей жатқанын ескертеді.
«Самұрық-Қазына министрлікке сілтейді, министрлік спорт қорына сілтейді. Спорт қоры нейтралитет сақтап отыр. Депутат Ерлан Саировтан білгеніміздей, тапсырма (қаражат бөлу туралы) Үкіметтен беріледі екен. Кезінде енді Мамин болды ғой Үкімет басшысы. Ол Қазақстан хоккей федерациясының да басшысы. Қысқасы, біртүрлі жүйе. Оның ашық есебін ешкім бермейді. Осындай әр жерден шыққан инсайд ақпараттар арқылы қазбалағанда тапқанымыз. Әйтпесе, оның аржағында қанша былық жатқаны әлі белгісіз. Оны білу мүмкін емес», — дейді журналист Аслан Қаженов.
Оның айтуынша, «Барыс» – өз-өзін асырайтын команда деу қате пікір. Олар есеп бермейді.
Президент Тоқаевтың 2020 жылы халыққа Жолдауынан фотосурет. Дәл осы Жолдауда ол “кәсіби спорт клубтарын толық мемлекет есебінен ұстаудың қажеті жоқтығын” мәлім еткен еді
«Билет пен жарнамадан жақсы ақша түссе, ендеше олар неге мемлекеттің қаражатына қол сұғады? Бізде өзін-өзі асырап жатқан ешқандай клуб жоқ. Бәрі мемлекеттің мойнында отыр. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жолдауында кәсіпқой спорт клубтарына бөлінетін қаражаттың азайтылуы керектігін қадап айтты. Ол ақшаны балалар және бұқаралық спортына бағыттаңдар деді. Бірақ жеме-жемге келгенде ол тапсырма орындалмай тұр. Спортқа жауаптылар басын изеп тұратын шығар – бірақ артынша тірліктерін жалғастырып жатыр», — деп түйеді ол сөзін.