Микрокредит беру туралы шарт жасасу кезінде нені білу қажет
МҚҰ-ның тізімімен Ұлттық банктің сайтынан білуге болады.
Микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) микрокредит беру туралы шарт жасасу кезінде тұтынушылардың МҚҰ-ның өз қызметін Қазақстан Ұлттық Банкінде есептік тіркеуден өткен және оларды Микроқаржы ұйымдарының тізіліміне енгізген соң ғана жүзеге асыруға құқығы бар екендігін білуі маңызды, деп хабарлайды Zakon.kz.
МҚҰ-ның тізімімен Қазақстан Ұлттық банкінің сайтында танысуға болады.
Тұтынушылардың МҚҰ-ны ҚР Азаматтық кодексінің 725-1-бабының ережелері негізінде лицензиясыз/рұқсатсыз кредиттер беретін басқа ұйымдармен шатастырмауы маңызды.
Қазақстан Ұлттық Банкі қарайтын өтініштерді талдау тұтынушылардың көбі микрокредиттер беру туралы жасалып қойылған шарттардың қандай да бір талаптарымен келіспеуге байланысты өтініш жасайтындығын көрсетті.
Өкінішке орай, қарыз алушылар көбіне шарт бойынша міндеттемелерді орындамау салдарының маңыздылығын түсінбей, оның талаптарын мұқият зерделемей, ықтимал тәуекелдерді бағаламай, шартқа қол қояды.
ҚР Азаматтық кодексінің 728-бабына сәйкес микрокредит беру туралы шарттың мынадай ерекшелiктерi бар екеніне назар аударыңыз:
— микрокредит беру туралы шарт бойынша МҚҰ қарыз берушi ретінде әрекет етеді;
— алдағы уақытта берiлуi мүмкiн ақша микрокредит беру туралы шарттың нысанасы болып табылады;
— микрокредит беру туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Жазбаша нысанды сақтамау банктік микрокредит беру туралы шарттың маңызсыздығына алып келеді;
— егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, микрокредит беру туралы шартта МҚҰ-ның шарт талаптарын біржақты өзгерту құқығын көздейтін талап қамтылмайды.
«Микроқаржы ұйымдары туралы» ҚР Заңы 4-бабының 3-тармағына сәйкес микрокредит беру туралы шарттың міндетті талаптарының тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
Міндетті талаптарының тізбесіне сәйкес микрокредит беру туралы шартта мынадай міндетті талаптар қамтылуға тиіс:
I. шарттың жалпы талаптары;
II. қарыз алушының құқықтары;
III. МҚҰ-ның құқықтары;
IV. МҚҰ-ның міндеттері;
V. МҚҰ-ға арналған шектеулер;
VI. тараптардың міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілігі;
VII. шарттың талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі;
«Шарттың жалпы талаптары» бөліміне толығырақ тоқталайық, ол мыналарды қамтиды:
1) шартты жасау күні;
2) МҚҰ атауы және қарыз алушының Т.А.Ә.;
3) микрокредиттің мақсаты;
4) микрокредиттің сомасы. «Микроқаржы ұйымдары туралы» ҚР Заңының 3-бабына сәйкес МҚҰ бір қарыз алушыға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 8 000 мөлшерінен аспайтын мөлшерде микрокредиттер беруге құқылы.
5) микрокредитті өтеу мерзімі;
6) сыйақы мөлшерлемесінің және сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің (СЖТМ) мөлшері);
Микрокредит беру туралы шартта СЖТМ мәнін көрсету арқылы микрокредиттің толық құнын ашу туралы талаптың 2012 жылдан бастап қолданылатынын есте сақтаған жөн. Бұл ретте, «Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы» Ұлттық Банктің 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 377 қаулысына сәйкес микрокредиттер бойынша СЖТМ мөлшері жылдық 56%-дан аспауға тиіс.
Одан басқа, «Микроқаржы ұйымдары туралы» ҚР Заңына сәйкес микрокредит берумен байланысты комиссияны, сыйақы мен өзге төлемдерді МҚҰ микрокредит бергеннен кейін немесе беру кезінде өндіріп алады;
7) микрокредитті өтеу тәсілі;
8) микрокредитті өтеу әдісі: аннуитеттік немесе сараланған, не микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес басқа әдіс;
9) микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігі.
2016 жылғы 1 шілдеден бастап микрокредит бойынша берешекті өтеудің ерекше кезектілігі қолданысқа енгізілгеніне назар аударамыз. 180 күнге дейін мерзімінің өтуі жағдайында микрокредит бойынша осы сәтке бар берешекті өтеу үшін жеткіліксіз жеке тұлға енгізген сома мынадай түрде бөлінеді:
·мерзімі өткен негізгі борыш;
·микрокредит бойынша мерзімі өткен сыйақы;
·тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұлдар);
·төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;
·төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есептелген сыйақы;
·микрокредит беру және оған қызмет көрсетумен байланысты өндіріп алуға тиесілі комиссиялар мен өзге төлемдер;
·берешекті өндіріп алу бойынша шығасылар.
Бұл ретте, мерзімінің өтуі туындаған сәттен бастап 180 күн өткен соң тұрақсыздық айыбы мен шығасылар соңғы кезекте өтеледі.
10) негізгі борышты уақытында өтемегені және сыйақыны төлемегені үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлдар, өсімпұлдар) есептеу тәртібі және мөлшері;
11) микрокредитті беру және оған қызмет көрсетумен байланысты өндіріп алынуы тиіс комиссиялар мен өзге төлемдердің толық тізбесі, сондай-ақ олардың мөлшерлері.
2016 жылғы 1 шілдеден бастап микрокредит беру туралы шарт жасалғанға дейін МҚҰ қарыз алушы – жеке тұлғаларға таңдау үшін кредиттеудің мынадай 2 талабын ұсынуға міндетті: 1) комиссияларды ұстамастан және 2) комиссиялар мен өзге де төлемдерді ұстай отырып. Екінші нұсқаны таңдау кезінде комиссиялар мен өзге де төлемдер Ұлттық Банк Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысымен бекітілген жеке тұлғаға берілген микрокредитті беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер тізбесінен таңдап алынады.
12) қамтамасыз ету (бар болса);
13) қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған кезде микроқаржы ұйымы қабылдайтын шаралар;
14) шарттың қолданылу мерзімі;
15) микроқаржы ұйымының пошта және электрондық мекенжайы туралы ақпарат, сондай-ақ оның ресми интернет-ресурсы туралы деректер (ол бар болса);
16) микроқаржы ұйымы шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға берген кезде кредитордың шарт шеңберіндегі қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына Қазақстан Республикасының заңнамасымен қойылатын талаптар мен шектеулер қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылатынын көздейтін талап.
МҚҰ туралы заңға сәйкес шартта міндетті түрде көрсетілуге жататын талаптардан басқа:
— жеке тұлғаға берілген тұрғын үй болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредит беру туралы шартты орындау талаптары өзгерген кезде немесе жеке тұлғаға берілген тұрғын үй болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредитті өтеу үшін жаңа микрокредит берген кезде, капиталдандыруға, яғни негізгі қарыз сомасына мерзімі өткен сыйақыны, тұрақсыздық айыбын жиынтықтауға жол берілмейді;
— жеке тұлға болып табылатын қарыз алушының берешегін ұлғайтуды болдырмау мақсатында МҚҰ сыйақыны, сондай-ақ негізгі борыш немесе сыйақы сомалары бойынша, тұрғын үй және (немесе) баспана орналасқан жер учаскесі болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредит бойынша төлемнің мерзімін қатарынан күнтізбелік 180 күн өткізу аяқталуы бойынша есептелген тұрықсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуді талап етуге құқығы жоқ.
Міндетті талаптардың тізбесінде шарттың мазмұнына қойылатын талаптармен қоса шарт басылып шығарылатын қағаздың мөлшеріне (А4), шарт мәтінінің қарпіне (12 аспайтын мөлшердегі «Times New Rоmаn» қарпі, бір жол аралық интервалы бар және абзацтан жазуды қолданумен), сондай-ақ шарттың бірінші парағынан бастап маңызды талаптарды (микрокредиттің сомасы мен мерзімі, микрокредиттің валютасы, сыйақы мөлшерлемесі және басқалары) көрсетуге де талаптар белгіленген.
Міндетті талаптардың тізбесімен барынша толық ҚР НҚА Эталондық бақылау банкінде танысуға болады.
МКҰ заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін бұзушылықтарды жасағандарға ықпал ету шаралары, оның ішінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінде белгіленген негіздер бойынша айыппұлды өндіріп алу түрінде қолданады.
2018 жылы МҚҰ-ға қатысты өтініштерді қарау нәтижесі бойынша:
— микрокредит беру туралы шарттың заңнаманың талаптарына сәйкес келмегені;
— ЖТСМ-нің дұрыс есептемегені;
— ақпарат жеткізушінің кредиттік тарих субъектісінен алған мәліметтерді кредиттік бюроға бермегені;
— шектеулі ықпал ету шараларын қолдану арқылы Ұлттық Банк жүктеген міндеттемелерді орындамағаны үшін айыппұл салу және өндіріп алу түрінде 4 шектеулі ықпал ету шарасы мен 4 санкция қолданылды.
Осыған байланысты егер, сіздің ойыңызша, микрокредит беру туралы шарт заңнаманың талаптарына сәйкес келмеген немесе сізге МҚҰ қызметтерін көрсету мәселелері бойынша консультация талап етілген жағдайда, сіз Қазақстан Ұлттық Банкіне не оның аумақтық филиалдарына өтініш жасай аласыз.
Консультация алу үшін Қазақстан Ұлттық Банкінің Қоғамдық қабылдау бөлмесіне Алматы қ., Әйтеке би к-сі, 57-мекенжайы бойынша не 8 (727) 2 788-104 телефонына (ішкі тел 5399) хабарласуға болады.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!