Мерекелік шараға келгендер билікке наразылық білдірді
1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекелік шара өтіп жатқан Алматының орталық мәдени және демалыс саябағына жиналған адамдар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев — біздің президент емес!», «Дариға — спикер емес!», «Нұр-Сұлтан — астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халықтың пікірмен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!» деп айғайлады.
«Елдің талап-тілегін айтқандар қамауда отыр, ал нағыз қылмыскерлер бостандықта жүр» деді наразылардың бірі.
«Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп ауыстыруды әп-сәтте шешті, оған көп қаржы жұмсайды. Ал көп балалы аналардың мәселесін әлі шешпей отыр» деді тағы бір адам.
Жиналғандардың арасында әлеуметтік жағдайының нашарлағанын айтып, елді бірігуге шақырғандар болды.
«Мен — мұғаліммін, мойнымда қарыз көп, елдің жағдайы нашарлады, менің шыдамым таусылды. Ағайын, бірігейік, мен халықпен бірге болғым келеді!» деді ол.
Саябаққа жиналған наразыларды полиция сырттай бақылап тұр.
Нұр-Сұлтанда «Астана» концерт залының алдына жиналған наразы адамдар «өтіріктен шаршағандарын» айтып, «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Әділ сайлауды қалаймыз!», «Сайлауға — бойкот!», «Адалдық!» деп айғайлады.
Азаттық тілшілері Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында мерекелік шаралар өтіп жатқан жерден тікелей эфирде хабар таратып жатыр:
Мереке күні Алматыдағы Республика сарайы алдындағы Абай алаңы қоршауға алынып, ол жерге мерекелік шараны көруге келген адамдарды арнайы құралдардың көмегімен тексергеннен кейін ғана алаңға өткізді.
Шарада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ел тұрғындарын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.
БАҚ өкілдері кіретін арнаулы жерде тұрған мерекелік шараны ұйымдастырушылар «аккредитацияларың жоқ» деген уәжбен Азаттық тілшілерін Абай алаңына кіргізбеді.
Бұған дейін Нұр-Сұлтанда белгісіз адамдар Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтірді. Азаттық тілшісі Сәния Тойкен шара өтіп жатқан жерден ұсталған адамды түсіріп тұрған сәтте оның смартфонын жай киім киген белгісіз адамдар тартып алуға әрекет жасады. Азаттық операторы Ержан Әмірхановтың көлігінің терезесін әлдекімдер шағып кетті. Қазақстан халқының бірлігі күні елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан жиынды түсіруге барған Азаттық оперторы Тимур Айтмұханбетовтің тұрақта тұрған мәшинесінің алдына әлдекімдер автокөлік қойып, жолын жауып тастады.
Бұған дейін Қазақстан Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде жұртты мамырдың 1-і күні шеруге шығуға шақырған ақпарат тарап жатқанын айтып, азаматтарға рұқсат етілмеген митингіге шыққандар жауапқа тартылатынын ескерткен.
Дүйсенбіде жариялаған үндеуінде прокуратура «Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады» деп мәлімдеді.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1996 жылдан бастап 1 мамыр елде мемлекеттік мереке ретінде демалыс күні болып жарияланған. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Назарбаев биыл 19 наурызда кенеттен президенттіктен кетіп, сол сәтке дейін парламент сенаты төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметін атқаруға кіріскен. Оның орнына сенат төрағасы болып бұрынғы президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайланған.