Мерейлі оқиғаға толы жыл | «Айқын» газеті
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы атынан мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімін өткізді. Г.Әбдіқалықова Елбасы ілтипатына ие болған, еліміздің дамуына ерекше еңбек сіңірген қазақстандықтарға ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік наградалар тапсыру игі дәстүрге айналғанын атап өтті.
Биыл мемлекеттік биік марапаттар 1600-ден астам адамға берілді. Олардың қатарында ғылым, білім беру, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер, жұмысшылар мен ауыл еңбеккерлері, экономика саласының өкілдері бар.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы стратегиялық бағдарының арқасында бейбітшілік пен қоғамдық келісім қамтамасыз етілді, қарқынды дамып келе жатқан экономикасы бар заманауи мемлекет қалыптасты.
Бүгінде Қазақстанда ауқымды жаңғыру үдерістері жүргізілуде. Басты мақсаты әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу болып саналатын «Қазақстан–2050» стратегиясы іске асырылуда. Ұлт жоспары, Үшінші жаңғыру және «Президенттің әлеуметтік бес бастамасы» қабылданды, халыққа арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдау, «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары, «Ұлы даланың жеті қырының» басымдықтары орындалып жатыр. Бұлар экономиканы, саясатты және қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған.
Г.Әбдіқалықова 2018 жыл мерейтойларға толы болғанын айтты. Осы жылдың басты іс-шарасының бірі Астананың 20 жылдығы болды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылды, АХҚО биржасы жұмысын бастады, «Астана хаб» ІТ стартаптардың халықаралық технопаркі іске қосылды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше ретіндегі миссиямыз лайықты аяқталып келеді.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова рәсімге қатысушыларды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, барлығына зор денсаулық, отбасылық бақ-береке және еңбекте табыс тіледі.
Дереккөз: Айқын