Сенатта Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру туралы отырыс өтті

0
21 Желтоқсан 2018, 22:58 122 0

Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесте «Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру туралы» тақырыбы бойынша отырыс болды.

Шараға Сенат депутаттары, Қарағанды облысындағы мәслихаттардың хатшылары, ауылдық округ әкімдері, министрліктер мен мекемелердің өкілдері қатысты.

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Сергей Громов жергілікті өзін-өзі басқару қазіргі замандағы демократияның басты діңгегі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында мемлекеттілікті нығайту және қазақстандық демократияны дамыту мақсатында басқарудың ара-жігін ажырату жөнінде міндет қойған болатын.

С.Громов алты жыл бұрын Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы бекітілгенін, онда Еуропалық жергілікті өзін-өзі басқару хартиясында белгіленген муниципалды демократия мен муниципалдық басқарудың жалпыға ортақ құндылықтары мазмұндалғанын айтты.

Тұжырымдаманы іске асыру үшін Парламент жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін айқындауға, сондай-ақ олардың қаржылай дербестігін кеңейтуге бағытталған бірқатар заңдарды қабылдады.

Осы отырыс барысында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқыға салынды. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған заңдарды жүзеге асыру барысында Қарағанды облысында атқарылған шаралар мысалға алынды.

Сенат Төрағасының орынбасары өз сөзінде 2016 жылы құрылған Қоғамдық кеңестердің ерекше рөлін атап өтті. Мемлекеттік емес осы ұйымдар қоғамның мемлекет істеріне ықпал етуі тұрғысында ұйымдастыру мүмкіндіктерін жүзеге асырады және қабылданатын мемлекеттік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ететін консультациялық-кеңесу және байқау органы ретінде көрініс табады.

«Мемлекет басшысының Ұлт жоспары аясында мемлекет алдында мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін нығайту туралы міндет алға қойылды. Сондықтан бүгінгі кездесуде Қоғамдық кеңестердің қызметін талқылаудың маңызы зор, олар мемлекеттің және қоғамның негізгі талап-тілектері мен мүдделерін көрсетеді», — деді С. Громов.

Жергілікті мемлекеттік басқаруды дамыту мәселелерін талқылай келіп Кеңес мүшелері жергілікті өзін-өзі басқару реформаларын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарды жетілдіру жолындағы өзекті мәселелерді атап өтті және Үкіметке, уәкілетті органдарға және Парламент депутаттарына ұсыныстар әзірледі.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ