«Мені іздеп келді» Ренат Гайсин өзін әнші Динаяға қосқандарға жауап берді- видео

0

Гайсин әнші Динаяға деген көзқарасы бөлектеу екенін мойындады

АЛМАТЫ, 11 сәуір — Sputnik. Ән жазып беріп, құшақтасып бейнебаянда бірге төбе көрсеткен Ренат Гайсин мен жас әнші қыз Динаяның арасында ел сезім бар деп күдіктеніп, жыл басында бұл бірқыдыру әңгіме болған еді. Осыған қатысты әйелі әрі төрт баласы бар композитор «Ережесіз әңгіме» бағдарламасында өзінің бүкпесіз шындығын айтты.

Айтуынша, ол Динаямен шығармашалықта бес жылдай бірге екен. Композитор өздерін шығармашалықтағы сәтті жұп санайды. Оның үстіне ол Динаяға деген өзінің қарым-қатынасы ерекше екенін де мойындайды.

«Ол ерекше қыз. Бір күні мені студияға өзі іздеп келіпті. «Жаңа толқын» халықаралық байқауына қатысқалы жатырмын, маған ән керек, орын алуым тиіс дейді. Мен күлдім. Қайдағы орын дедім. Бірақ ол қоймай қойды. Содан оны тыңдадым, дауысы маған өте ұнады. Содан ән жаздым», — дейді Гайсин Динаямен алғашқы рет жүздескен сәтін еске алып.

Ал осы халықаралық байқаудағы нәтижесі композиторды таң қалдырыпты. Оның айтуынша, бұл оған қатты қуанған.

«Менің композитор ретінде түсінгенім, әншінің даусына қарай ән жазсаң, одан бірдеңе шығады екен. Содан осыны Динаяда сынап көрдім. Бірінші күні орындаған әні хит боп танылып, ол І-орын алды. Таң қалдым. Жалпы қорытынды бойынша ІІ-орын алды. Меніңше, бұл өте жақсы көрсеткіш. Одан кейін де оған көптеген ән жаздым. Оған деген көзқарасым бөлектеу екенін барлығы содан байқады», — дейді ол.

Бірақ композитор бұл шығармашалық махаббат қана екенін айтады.

«Ол менің әнімді халыққа сол қалпында жеткізуші әншінің бірі. Сондықтан оған көзқарасым ерекше болғаны рас. Бірақ бұл шығармашалық махаббат. Басқа түк емес. Мысалы, мен ертең Еркеге үш ән жазып берсем, ел бізді де қосуы мүмкін. Сол секілді ғой бұл арада», — деді Гайсин ел арасындағы жел сөзге нүкте қойып.

Айта кетелік, композитор Ренат Гайсиннің әйелі, 4 баласы бар. Үлкені 21 жаста, ал кіші ұлы физика-математика мектебінде оқиды. Жыл басында ол жас әнші Динаяға «Просто люблю» әнін жазып, оның бейнебаянында бірге түсіп, ол хит болған еді.



sputniknews.kz


Тегтер:видеоәнші