Екі туған күні, екі есімі бар: Дулат Исабековтың өмірі мен шығармашылығы жайлы қызықты мәліметтер — Қазақстан жаңалықтары

0

60-жылдарда қазақ әдебиетіне өзіндік ерекшелігімен келген классик жазушылардың қатарындағы көзі тірісі Дулат Исабеков. Қазақ әдебиетінің қадіргі ақсақалы қазір 76 жаста. Дулат Исабеков жазушы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «ПЕН-клубы» және платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты. Белгілі жазушының екі туған күні, екі есімі бар екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Осыған орай Stan.kz ақпарат агенттігі тау тұлғалы қаламгеріміздің өмірі туралы қызықты деректер ұсынып, өмірінен сыр шертпек.

Дулат Исабеков: жазушының балалық шағы мен шығармашылығы жайлы қызықты мәліметтер

Белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысыны, Сайрам ауданына қарасты Ленин жолы колхозында дүниеге келген. Алғашқы азан шақырылып қойылған есімі  – Нысанбай. Сондай-ақ, Дулат Исабеков 20 желтоқсанда дүниеге келгенімен, екінші туған күні 20 қазан деп есептеледі.

Болашақ жазушының атасы Алдаберген қара жұмысшы болып жұмыс істеп, Ташкент пен Түркістан аралығындағы теміржолды салған. Қара жұмысты көп істегеннен, жазылмайтын ауруға шалдығып, баласы Исабекті кенже інісі Мәуленге тапсырып кетеді. Содан Исабек әкесіндей болған Мәленнің қолында тәрбиеленіп, сонда үйленіп, өз отбасын  құрады.

Дулат Исабековтың ата-бабасы жалпы Сырдың ар жағынан болған. 40-жылдары колхоздар көп ашылып, ауылға адамдар керек болғандықтан, әкесі Исабекті бала-шағасымен бірге Сайрам жаққа айдап жіберген. Исабек төрт баламен көшіп кеткенде әйелі бесінші балаға, яғни Дулат Исабековке жүкті болған.

Сонда келіні босанатын кез келіп қалғанда атасы Мәулен Сырдың екінші жағына қоныс аударған баласы Исабектің үйіне қуғыншы жібереді. Ол кісі өз заманында жоғары білімді атақты молда болған. Және әулетіндегі ұл балалардың есімін өзі қойған. Сол кезде Мәулен молда Исабектің үйіне қуғыншы жіберіп: «Егер ұл бала болса мына есімді қойыңдар. Бұл баланың есімін енді кітаптан қоймаймын. Қалың дулаттардың арасында дүниеге келді. Өскен, өнген ел. Сондықтан атын Дулат қойыңдар» дейді. Ал, ол кезде болашақ жазушы дүние есігін ашып қойған еді. Оның үстіне ата-анасы да құлағындағы тесігіне байланыстырып, ұлдарының есімін Нысанбай қойып қояды. Алайда, туғандарынан баланың есімін Дулат қойыңдар деген хабарды алған Исабек қайтадан азан шақырып, балаға Дулат есімін береді.

Дулат Исабеков Екінші дүниежүзілік соғыстың нағыз қызып жатқан кезінде дүниеге келген ұрпақ өкілі. Ол соғыстағы жеңіске балалық шағын айырбастағандардың бірі. Ол бала болғанымен, балалық шағы болмады. Сонау майдан даласында ысқырып ұшқан оқ Дулаттың да ауылын адаспай тауып келіп, көкжелкеден тиіп, балалық шағын күйретті.

Әкесі соғыске кеткенде Дулат Исабеков жөргектегі бала болған. Содан танымайтын елдің ортасында, отыратын там да жоқ айдалада бес баланы құшақтап анасы Күмісгүл жазғыз қалады. Осындай жағдайда балалар ауырып, әсіресе үйдің кенжесі Дулат аурушаң болып, қатты сырқаттанып қалады. Бала тірі қалмайды дегенді естіген анаға бір күні Дулаттың қайтыс болғанын айтады. Сонда анасы көзінен жасын сығып, баланың мәйітін дәлізге, ауыз тамға шығара салыңдар депті. Сөйтіп, бала Дулатты ауыз тамға шығарып, киізге орап қойған. Ал ертесі, таңертең жұртшылық қолдарына күректерін алып, молаға қарай шығады. Олар баланы көму үшін жер қазып жатқанда, көрші кемпірлер келіп, «баланы алып шығыңдар» дейді. Сол кезде көрші әже келіп баланы алып, бетіне қарағанда, өлді деген Дулат Исабеков ыржиып күлген. Жерлеуге әкелген баланың күлгенін көрген әже шошығаннан сәбиді жерге тастап жіберген. Содан кейін қайтадан көтеріп алып келіп, Дулаттың анасына: «Күмісгүл-ау  сенің балаң тірі ғой» деген. Бұны естіген ана еңкілдеп тұрып жылаған. Баласының өлді дегеніне сенген ана аз болмағанда тектегін көміп жіберер еді. 

Болашақ жазушы бала кезінде өте бұзық болған екен. Тіпті, 9 сынып оқып жүрген кезінде оқудан шығарыла жаздаған. Кейін анасы дүние салып, Дулат Исабеков бауырларымен бірге туған ауылынан көшіп кетеді. Жаңа ауылдағы өмір ерекше, сәл ес білген кез болды. Дулат Исабековтың бүкіл шығармашылық өміріне өшпестей із салған кезең – осы кезең. Аналары қайтыс болып кеткенде екі әпкесі тұрмыста болды. Ал, мектепті де бітірмеген үш ұлға әпкелері қамқор болып, кезектесіп қарасады. Ұлдардың үлкені Нәбиян артынан ерген екі інісін бағу үшін оқудан да бас тартып, әпкелерінің өтініші бойынша шаңырақ көтереді. Осылайша, Дулат Исабеков ағасы екеуі жеңгесі мен үлкен бауыры Нәбиянның қолында тұрады. Дулат ағамызға бала күнінде дәл осы әпкелері, ағасы мен жеңгесі темірқазық болды. Осылайша, ата-анасыз қалған жетімдер бір-бірін сүйреп, бауырмал болып өседі.

Дулат Исабековтың балалық шағы қиын болса да, қызыққа толы болды. Ауылда мақта теріп, даланың жантағы, шеңгелі болып өседі. 

«6-7 сыныпта оқып жүріп, мақта тердік. Сол кезде мақта тез ашылсын деп төбеден ұшақпен дәрі шашып кететін. Сонда жапырақтардың бәрі қурайды. Содан дәрі шашып өткеннен кейін аппақ боп қаламыз. Адам ба, мал ма оған қарамайтын»,- дейді жазушы балалық шағы туралы естелігінде.

Ал оның жазушылығы туралы айтар болсақ, Дулат Исабековтың жазуға деген ынтасы мектеп қабырғасында басталды. 5-6 сыныптарда «Қазақстан пионері» газетін оқып жүргенінде ондағы өлеңдерді оқып, «менде осындай бір өлең жазсам екенмін» деп, еліктейді. Сөйтіп, шатпақтақ ойындағыны қағазға түсіре бастайды, кітаптар оқиды.

Мектепке әдебиет сабағын ерекше жақсы көрген бала Дулаттың 7-8 сыныптардан бастап роман оқуға көңілі ауады. Сол жылдары әлем әдебиеті классиктері қазақша шығып жатқандықтан, олардың шығармаларын қызығып оқиды. Ол әсіресе, Александр Гончаревты сүйіп оқыды. Оның романдарын мектеп қабырғасында жүріп-ақ оқып бітіреді. Тіпті, жазушыға еліктеп «Мақташылар» деген әңгіме де жазған. Содан кейін «Лениншіл жас», «Қазақстан пионер» газеттеріне суреттемелер, өлеңдер жіберіп тұрды. Бірақ, редакциядағылар оған «жазғандарыңыз бізге әлі жарамайды, алайда ізденіп, талпына беріңіз» деп хат жібереді. Сол кезде газеттердің бланкісімен келген хаттың өзі оларға үлкен қуаныш болатын. Бала Дулаттың бұл талпысына қуанған мұғалімдері де «мейлі жарамаса да, келесі бір жолы жарайды, жаза бер» деп, қанат бітірген. Сөйтіп, болашақ жазушы 10 сыныпты бітірерде көптеген әңгімелер жазды. 

Дулат Исабеков оқушы кезінен көркем әдебиетті жақсы көрді. Мектеп бітіргеннен кейін ол Ташкенттегі институтқа оқуға тапсырады. Бірақ, екі ретте де түсе алмай, ақыры Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1966 жылы бітіреді. Шығармашылық жолындағы алғашқы әңгімесі 1963 жылы «Жолда», «Замандастар» атты жинақта жарияланды. 1966-75 жылдар аралығында «Бекет», «Ащы бал», «Мазасыз күндер», «Қара жаңырақ», «Тіршілік» атты повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» романы жарық көрді. 

Сол жылдар аралығында жазушы ҚР Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор ретінде қызмет атқарады. Одан кейінгі 1968-1970 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакциясында аға ғылыми редактор болады.

Кейін 6 жыл «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі міндетін атқарып, 1976 жылы ҚР Мәдениет министр репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы болып бекітіледі. Онда 1988 жылға дейін қызмет етеді. Сосын, келесі онжылдықта  Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып қызмет атқарады. Ал, 1997 жылдан бастап ҚР Мәдениеттану ғылым зерттеу институтының директоры болып тағайындалады.

Дулат Исабеков осындай маңызды қызметтерді атқарып келсе де, қазақ әдебиетіне көптеген жаңа туындылар әкеліп отырды. Оның кез келген шығармасы өзінше ерекше және оқырман назарынан ешқашан түскен емес. Әсіресе, оның өз өмірінен алынған, ата-анасынан ерте айырылған жетімдер туралы «Әпке» романы ең үздік туындылардың қатарында. «Әпке» қанатымен су сепкен қарлығаштай, бауырлары үшін бар қызығын құрбандыққа шалған қазақ қыздарының типтік образы жайлы туынды. Бауырына туған баласынан да артық қарау қазақ қыздарына ғана тән мінез. Міне, осы тақырыпқа қалам тербеген жазушы қанша жыл өтсе де сахнаның төрін бермеген «Әпке» туындысын өз өмірі бойынша әпкелеріне арнап жазады. 

««Әпке» менің өз өмірім ғой. Егерде әпкелерім болмаса, біз қалай болар едік. Үш ер бала ғана қалдық. Анамыз қайтыс болғаннан кейін тұрмысқа шығып кеткен әпкелерім кезек-кезек келіп, бізді қарады. Сол кезде үлкен ағам 10 сыныпта оқитын. Әкемдей болып кетті деп жүрміз ғой, ол менен үлкен сияқты көрінгенімен, арамыз 5-6 жас болды. Ол үздік оқығандықтан, сол кезде оқуға түсіп тұр еді. Сөйтіп, оқуға түсемін деп жүрген кезінде барлық жоспары быт-шыт болып, апам (анасы) қайтыс болғаннан кейін үйленуіне тура келді. Сонда әпкелерім кезек-кезек бір айлап, екі айлап жатып бізге қарады. Тіпті, ағам үйленгеннен кейін де, келін үйренсін деп қасымызда болды. Кейіннен пьеса жазуыма түрткі болған әпкемнің мына сөзі әлі есімде: жездем келіп, әй үйге қайтасыңдар ма, қайтпайсыздар ма? Біздің де бала-шағамыз бар. Біз де кәдімгідей кір сасып, қоң сасып кеттік қой. Үйде тамақ жоқ. Не сенің бауырларың балада, біздің өз баламыз бала емес пе? дегенде үлкен әпкем Бибіғали: Ей, қақсамай кете бер! Баланы өзің бақ керек болса. Маған баладан гөрі, бауыр қымбат» деген. Маған енді бауыр тауып беретін шешеміз жоқ деген еді. Осы сөзді мен қазір айта аламын ба? Қазір осы сөзді айта алатын адам бар ма? Өз баласын тәлк етіп, бауырларын бірінші орынға қойған жан бар ма? Содан кейін ауылда елдің бәрінде қиындықтың бәрі әйел адамдардың мойнына түсіп жатты. Олар соның бәріне шыдады, көнді. Және колхозда бір тиын алмай жұмыс істеуге көнді. Міне, осының бәрін көре жатып мен қалай «Әпке» туралы жазбаймын»,- деген болатын жазушы «Әпке» романы туралы.

«Әпке» секілді тың туындыны өмірге әкелген қаламгер үзіліссіз еңбектер жазды. Оның таңдамалы повестері «Екі жиырма» деген атпен басылып, оқырман назарына ұсынылды. Сондай-ақ, бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылып, жекелеген туындылары венгр, неміс, пояк, чех тілдерінде жарияланды. Оның шығармалары Израйль, Петербор, Прага, Франция, Германия елдеріндегі театрлардың тұрақты репертуарына еніп, бүгінде көрерменнің үлкен ілтипатына ие болды.

Ал 2012 жылы Алматыда алғаш рет халықаралық «Исабеков әлемі» атты фестиваль өтті. Оған еліміздің 6 театры мен Болгария, Ресей, Тәжікстан, Башқұртстан, Түркия елдерінің театрлары қатысып, белгілі драматургтың туындыларын шебер орындаудан бақ сынасты. Осылайша, Дулат Исабеков өзінің ағалары, аталары жетпеген ерлікті жасады. 6 күнге созылған ол мәдени шарада драматургтың  «Тор», «Ескерткіш», «Мұрагерлер», «Бақыт құсы», «Енді қайттік», «Актриса», «Әпке», «Ескі үйдегі екі кездесу» атты тың туындылары сахналанды. Бұл фестивальдің ерекшелігі – сайысқа түскен өзге ұлт театрлары Дулат Исабековтың шығармаларын өз тілдеріне аударып, сомдады.

Дулат Исабеков ұлттық намысты жоғары қоятын жан. Жазушы 2013 жылы тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында оралмандар мәселесін көтерді. Сонау Монғолиядан елім деп келген отандастарымыздың елден қаша жөнелгендерін естіп, қынжылған қаламгер бұл мәселені Елбасының алдында көтергенді жөн көрді. Ол Монғолиядан келген 800 қазақтың елден кетуіне қазақтың өзі себепші болды деді. Осылай дей келе, Елбасынан «Отаным, елім» деп келген оралмандарды Монғолияға, Қытайға қайта кетуіне мәжбүр еткен ел азаматтарын қатаң жазалауды сұрады. 

Екі туған күні, екі есімі бар: Дулат Исабековтың өмірі мен шығармашылығы жайлы қызықты мәліметтер

Исабековтың уыздай тіл үйірер романдары мен повесть, әңгімелерін кез-келген буын өкілі оқиды. Адамзат тағдырының тәтті де, ащы сәттерін өз еңбектеріне өре білген жазушы қағаз бен қаламын бір мезетте қолынан түсірген емес. Қазақ драматургиясының қазынасы болашақта да Дулат Исабековтың төл туындыларымен толығары сөзсіз. Оның пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында жиі қойылып жүр.

Тау тұлғалы қаламгерді бүгінде шетел де жақсы таниды. Сахна төрін бермеген «Гауһартас», «Әпке» секілді туындылардың авторы 75 жылдығын Лондондағы Шекспирдің «Голобус» театрында атап өтті. Ал тарихы тереңде жатқан бұл театрда мерейтой атап өту екінің бірінің қолынан келмейді. 

Бүгінде қаламгердің еңбектері тек елімізде ғана емес, сонымен қатар халықаралық режиссерлар мен өнер майталмандарының үлкен мәртебесіне ие. Оның «Гауһартас», «Дермене» туындылары бойынша еліміздің режиссерлары көркем фильмдер түсірді. Ал, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында Душанбеде Влидимир Маяковский атындағы орыс драма-театрының төрінде де Исабековтың «Транзиттік жолаушы» атты пьесасы сахналанды. Ұлт мерейін үстем еткен ұлы мерекеге орайластырып қойылған спектакль аяқталғанға дейін, көрермен тапжылмай қойылымды бір деммен тамашалады.

stan.kz