Мен театрдың төл баласымын — Тілектес Мейрамов
– Аға, мерейтойыңыз құтты болсын! Өнердің өзге салаларына назар бұрмастан, тек театр өнеріне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқаныңызға жарты ғасырға жуықтапты. Жалпы, осы уақыт аралығында шығармашылығыңызға берілген, беріліп келе жатқан бағаға көңіліңіз тола ма?
– Бұл енді әркімнің талап, түсінік-пайымына байланысты дүние ғой. Біреуге әлемді аяғының астына төсеп тастаса да аз көрінеді. Ал кейбіреулерге, керісінше, қолындағы бары бағалы. Жалпы, мен барды місе тұтып, жоққа көп бас қатыра бермейтін адаммын. Болмаған дүниені пешенемнен көремін. Солай болуы керек деп қабылдаймын. Шамам жетпейтін нәрсеге талпынбаймын. Талабым мен талантым жетіп тұрған дүниені шегіне жеткізбей тынбаймын. Бала кезімнен әдетім сол. Сондықтан да бәріне тәубе деймін. Адам маңдайына бұйырғанды көреді. Менің бағыма жарты ғасыр сахна өнеріне қалтқысыз қызмет етуді бұйыртыпты. Шүкір, кәсібім жанымның қалауымен қабысты. Әрине алда әлі де талай атқаратын шаруалар жетерлік. Актер ретінде ел таниды. Ал дипломы бар кәсіби режиссерлігімді білетіндер аз. Оған өзім де кінәлімін. Болашақта осы салада да өзімді сынап көргім келеді. Алла ғұмыр берсе, барлығы да ретімен орындалады деп сенемін.
– Актерлік пен режиссерліктен бөлек, сіздің қаламмен де тәп-тәуір дос екеніңізді білеміз. Көркем аудармаларыңыз да өз алдына бір төбе. Болашақта шығармашылық қарымыңызды жазу саласында сынап көргіңіз келмей ме?
– Көптен бері көңілімде жүрген ойды дөп бастың. Бірақ не десең де, бойымда бір адамға жететін, кежегемді кейін тарта беретін жалқаулық дейтін дертім де бар. Соның салдарынан да жазуды көп құнттай бермеймін. Кезінде белгілі қаламгер аға-інілердің айту, нұсқауымен түртіп қойған біраз жазған-сызғаным да бар. Өзім өнерлеріне тәнті болып, үлгі тұтқан аға, дос, құрдас әріптестерім: Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Қадыр Жетпісбаев, Әнуар Боранбаев жайлы жазған естеліктерім де қолжазба күйінде тартпада жатыр. Кезінде Әшірәлі Кенжеев досым туралы толғанысымды оқыған Әшірбек Сығай: «Ойпырмай, сенің жазғаның Әшірәліні тірілтіп бергендей болды ғой!» дегені бар. Марқұм Әшекеңнің өзі осылай баға беріп кетсе, онда жазғандарымда жылт еткен жарықтың болғаны да (күлді). Бұдан артық қандай баға керек. Бірнеше пьесаны қазақ тіліне аудардым. 70 жылдық мерейтойымның қарсаңында соның барлығының басын біріктіріп, кітап етіп шығарсам деген ойым да болған. Алайда түрлі себептерге байланысты кейінге қалып қойды. Бірақ ол кітап түбі бір шығуы керек. Бұл – ең бірінші менің асыл ағаларым мен сахнада бірге жүріп, бірге есейген абзал достарымның алдындағы парызым деп санаймын.
– Сіздің әріптес ағаларыңызға көрсеткен ізетіңіз бен құрметіңізді режиссер Талғат Теменов ініңіз әдемі сабақтап, «Үндемес» деп естелік жазды.
– Расында да, мен өзі бұл жағынан Талғатқа ризамын. Өмірде де, шығармашылықта да етене араласып, тығыз қарым-қатынаста болдық деп айта алмаймын. Кейінірек театрда бірге қызмет етіп, әріптес болғаннан бастап шығармашылық һәм адами байланысымыз нығайып жатыр ғой. Талғаттың мақаласын оқып отырып, оның адам тани білетіндігіне шын мәнінде таңғалдым. Мінезімді дөп басқанына қайранмын. Мені қашан, қай уақытта зерттеп үлгерді екен деп ойладым. Мәселен, өз басым олай жаза алмас едім. Қараңызшы, алғашқы жолынан-ақ оқырманын үйіріп алып кетеді: «Егер оны көшеден көріп қалсаңыз, танымауыңыз мүмкін. Жиын-тойға барғанда, тіпті бір дастарқанда отырсаңыз да оның артист екенін білмей қалуыңыз ғажап емес. Себебі, ол – сондай. Сөзге шешен, пысық емес. Қарапайым… Көбінде үндемес…».
Шынымен де мұндай жағдай күнде кездесіп жатады. Сахнадан тыс өмірде кейбіреулер танымай өтіп кетеді. Ал енді біреулері көшеде көріп қалғанда шырамытып барып, есіне түсіріп жатады. Осы бір мінезіме мән берілгендіктен де болар, мақаланы оқып отырып өзімді көргендей болдым. Кейде іштей «Өнер зерттеушілері тек ойнаған рөлдерің жайлы деректерді тізіп, құрғақ фактіні талғажау ете бермей, арасында адами мінезге, болмысқа тереңірек үңілетін жанды мақалалар жазса ғой» деп ойлайтынмын. Талғаттың «Үндемесі» осы ойыма жақсы жауап болды.
– Ал өмірде осы бір «үндемес» мінезіңіздің пайдасын көп көресіз бе, әлде зиянын ба?
– Негізінен мен бұдан тек зиян шегіп жүрген адаммын. Себебі бір кісілік мінез менде де болған. Бала күнімде шектен тыс ерке өстім деп айта алмаймын. Бірақ бір үйдің жалғыз ұлы болғаннан кейін, ешкім бетімнен қаққан емес. Институтты да жақсы оқыдым. Өнердегі жолым да М.Әуезов театрынан өте сәтті басталды. Әйтсе де, таңдаған мамандығым, сахнаның жауапкершілігі бойымдағы мінезді тежеуге әсер етті. Өйткені театр болғаннан кейін текетірес көп. Жұмыс барысында келіспей қалатын сәттер кездеседі. Сондай кезде өзіңді іштей сабырға шақырып, үндемей қалуға тура келеді. Себебі бүгін ренжісіп, көңіліне кірбің салған адаммен ертең сахнада серіктес болуға тура келеді. Ал көңілде кірбің тұрғанда, қалай тырбансаң да спектакль шынайы шықпайды. Оны көрермен де бірден сезіп қояды.
Мен өзі адамның көңіліне қатты қараймын, ренжітіп алмауды ойлаймын. Көп жағдайда үнсіз қалуға тырысамын. Ашуға атымен жоқпын. Бәрін ішіме сақтаймын. Сыртқа сирек шығарамын. Адалдықты пір тұтамын. Барлық кісілік қасиет адалдықтан туындайды. Ең бастысы, осыны ұмытпауымыз керек.
Мен үшін сахнадағы сыйластық ең бірінші орында. Сондықтан үнемі болмаса да, өзімді тежеп отыруға тура келді. Әріптестерімнің көңіліне қарап, көп ретте үндемей қалған кездерім болды. Бірақ одан керемет бір пайда таптым, жақсылық көрдім деп айта алмаймын. Жалпы, қандай жағдайда да айтатын кезде айтып, жасайтын кезде жасау керек екен.
– Бір сұхбатыңызда актер болғаныма өкінемін деген екенсіз. Мұндай сезімнің тууына не түрткі болды?
– Иә, ол рас. Кезінде Әшірбек марқұм бір сұхбатында суыртпақтап отырып ішімдегі бар сырымды айтқызған еді. Сондай бір көңіл күй үстінде айтылып кеткен сөз ғой. Бір-ақ сәттік қана сезім ғой бұл. Актер адам әсершіл, шығармашылығында кездескен кейбір қиындықты әсірелеп те жіберуі мүмкін. Әйтсе де, осы тұста бір-ақ дүниені айтқым келеді, сахнадан бәрі сондай әдемі, бақытты көрінгенімен, әрбір актердің ішінде жан баласына айтпаған өз мұңы мен сыры, өз драмасы мен трагедиясы жасырынып жатады. Сондықтан да әртіс адамның аузынан мұндай сөздің көңіл күй ауанына қарай ара-тұра айтылып тұруы заңдылық та болар. Жалпы, мен өз тағдырыма риза адаммын. Мерейтойыма арналып қойылған Ф.Бордонның «Қардағы көгершіннің ізі…» қойылымында кейіпкерімнің аузымен айтылатын «Мен өз рөлімді адал орындадым» деген сөзі бар. Сіздің сұрағыңызға жауап ретінде осы репликаны өзіме қатысты да қайталап айтқым келеді. Иә, мен өз рөлімді адал орындадым! Сөзсіз, бұл – менің жетістігім. Өйткені мен пендешілікпен ешкімнің алдына түспедім, жолын кеспедім. Шартпа-шұрт мінезге салынып, әріптестерімнің көңіліне кірбің салмадым. Қолымнан келгенше өнердің мәнін сыйласым мен шын маңдайтер еңбектен табуға тырыстым. 48 жыл бойы табан аудармастан, тіпті сол уақытта жалт-жұлт етіп көзді арбаған, танымалдылыққа, абырой мен беделге кепілдік берген кино саласына да мойын бұрмастан қасиетті сахнама адал қызмет еттім. Осы тұрғыдан келгенде, мен өзімді театрдың төл баласымын деп толықтай айта аламын.
– Әйтсе де, көп әріптестеріңіз театр мен киноны қатар алып жүріп те талай белесті бағындырды. Қос саланың құрметті азаматына айналып үлгерді. Кезінде киноға сирек көңіл бөлгеніңіз үшін бүгінде іштей өкініш болмай ма?
– Шынын айту керек, жас кезімде кино өнерін онша бағалаған жоқпын. Пірім – театр болды. Оның үстіне, театрда ойнайтын рөлдерім көп болғандықтан болар, киноға түсу жайын ойлануға уақытым да, оның қажеттілігі де бола қойған жоқ. Бірақ кейін ойлап қарасам, адам өзін қолынан келетін өнердің қай қайсысында да сынап көруден тартынбау керек екен. Өмір бір-ақ рет беріледі. Ал тағдыр ұсынған кез келген сыйды да, сынақты да адам қарсы алуға дайын болуы қажет.
– Шығармашылық өмірбаяныңыздан білетініміздей, М.Әуезов театрында қызмет еткен кездері, нақты айтар болсақ, 1979-1986 жылдар аралығында 7 жыл бойы бір де бір жаңа рөлге бекітілмеген екенсіз. Өзіңіз айтатындай, бұл да актер адам үшін үлкен сынақ қой. Шығармашылығыңыздағы осы бір тоқырау кезеңді қалай жеңдіңіз?
– Әңгімеміздің басында айтып өткен үнсіздігімнің арқасында шығар. Рас, жеті жыл бойы жаңа рөл ойнамау шығармашылық иесінің ізденісін тежейді. Актер тоқырай бастайды. Бұл күйдің шет жағасын біз де басымыздан кештік. Аталған ауырлау кезеңдегі менің жалғыз ғана өкінішім – театрдағы осы бір ұзақтау үзілісті пайдаланып, өзімді кино саласында сынап көрмегенім болды. Киноға шақырған ұсыныстар жиі келіп тұрды. Бірақ балалық па, әлде өзіме қойған биік талаптарымның тежеуі ме, әйтеуір, түсіру алаңына жолай қоймадым. Әйтсе де, киноға мүлдем түспедім деп айтпаймын. Режиссер Виктор Пұсырмановтың «Қош бол, сұлу», «Алатаудың күміс мүйізі», моңғолдармен бірігіп түсірген «Атқыш Хумучи», «Мейрамның үш күні» сынды бірнеше фильміне түстім. Сламбек Тәуекел «Жерұйығына» шақырды. Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласында» ақсақалдың рөлін ойнадым. Міне, осындай бірнеше фильмде шығармашылық қарымымды сынап көрдім. Алайда іштей өзімде «Осы рөлім тәуір шықты» деген бір ризашылық сезім болған емес. Есесіне, театрда ондай рөлдерім көп.
– Мәселен?
– Жалпы, менің жан дүнием негізінен мінезді рөлдерге жақын, соған бейіммін деп есептеймін. Бірақ театрға алғаш келгеннен-ақ режиссерлер мені Қозы секілді кілең лирикалық бейнелерге салды. Театр тілімен айтқанда, сахнада көпке дейін «жас геройларды» кейіптедім. Мәселен, театрдағы тұсауымды кескен алғашқы рөлім – 17 жасар Қозыны 42 жасыма дейін ойнадым. Кейін Жантық, Қарабайларға ауыстым. Өзім қалағандай характерлі рөлдер тек өткен ғасырдың 90-жылдарының басынан бастап қана беріле бастады. Шыңғыс хан, Жәңгір хан, Еділ патша секілді психологиялық тұрғыда күрделі, бейнелілік бояуы қалың кілең хандар галереясының мінезін ашатын рөлдерде өзімді мүлдем басқа амплуада сынадым. Кейін Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында Абай (М.Әуезов «Абай», режиссері Ә.Оразбеков), Ваня ағай (А.Чехов «Ваня ағай», режиссері Ә.Мәмбетов), Лукьянов (В.Ежов «Тыраулап ұшқан тырналар», режиссері Т.Теменов) сияқты рөлдерде іздендім. Әрбір рөлім өзінің ерекшелігімен ыстық. Бірін екіншісінен бөліп қарай алмаймын. Жалпы, менің сахнадағы бағымның жанып, бірден күрделі рөлдерде көрінуіме режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің үлкен ықпалы болды. Небәрі 4-курстың студентіне Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы басты кейіпкер – Қозы рөлін сеніп тапсырған суреткер одан кейін де қамқорлығын аяған емес. Кейінірек Астанаға қызмет ауыстырып, Қаллеки театрына тез сіңісіп кетуіме де Әзірбайжан Мәдиұлының көмегі зор болды. Ұлы ұстазыма қашанда қарыздармын.
– Рас, кез келген актер шығармашылығында «әкемтеатр» мектебінің рөлі үлкен…
– Бүгінде өзім де ақсақалдық жасқа жетіп отырсам да, Әуезов театрындағы Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова бастаған аға-апаларымның мейірімін сұмдық сағынамын. Мәселен, біздің кезімізде Серке Қожамқұловты Әзекеңнен (Әзірбайжан Мәмбетов. – авт.) бастап «Театрдың қызыл құжаты» деп атайтын. Серағаң театрдың табалдырығын аттағаннан-ақ барлық ұжым тікесінен тік тұрып қарсы алатын. Сырттай қарағанда да, әңгімелесе кетсең де соншалықты бір қатал, маңайын қорқытып, үркітетін сұсты адам емес. Керісінше, үлкенмен де, кішімен де әзілі жарасқан адамгершілігі мол, жүзінен мейірімі төгіліп тұрған сондай жып-жылы кісі болатын. Бірақ не құдірет екен, Серағаңды көрсек, барлығымыз бойымызды тез жинап ала қоюшы едік. Өңменіңнен өтер көзқарасы, өзін өзі ұстауы мысыңды басатын. Кейін Серке аға өмірден өткен соң «Театрдың қызыл құжаты» Сәбира Майқанова апайымызға өтті. Өмірдегі қалпымыз бен азаматтық болмысымызды айтпағанда, сахнаға шыққанға дейінгі мәдениетіміз бен ізденісімізге де енді сол кісі тікелей жауап берді. Рөлімізді ойнап болған соң аға-апайларымыз не айтар екен деп, үлкендер жаққа қарайлай беретінбіз. Ол кезде көркемдік кеңестің өзі үлкен жиын секілді өтетін. Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова апаларымыздың қаздай тізіліп жиналыс залына өтуінің өзі үлкен оқиға һәм тәрбие еді ғой. Сахналық костюмімізден бастап, рөліміздің көркемдік деңгейіне дейін келелі талқылау болатын. Ол кісілер батырып сынаса да, аяғыңды жерге түсірмей мақтаса да, барлығын солай болуы керектей қабылдайтынбыз. Бір тосылып, бір марқайып, сан түрлі күйді бастан кешуші едік. Ол кездегі Әуезов театрының тәрбие мектебі де, бір-біріне деген адами қарым-қатынасы да өзгеше болатын. Біз үлкендердің алдын ешқашан кесіп өткен жоқпыз. Аға-апаларымыз да біздің атымызды атаған емес. Жас деп еркелетті, мейірімін төкті. Мәселен, Серағаң мені Келес десе, Сəбира апам ғұмырының соңына дейін Өлмес атап кетті. Міне, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп құрмет тұтатын осындай бір ерекше сыйласым болды біздің арамызда. Қазір бақсам, ол да бір үлкен мектеп екен.
– Міне, бүгінде өзіңіз де үлкен бір ұжымның ақсақалына айналдыңыз. Жастардың тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?
– Қаллеки театрында Әзірбайжан Мәмбетов, Жақып Омаровтан қалған тамаша бір дәстүр бар. Жалпы, Әзірбайжан Мәмбетовтің Астанаға ауысып келуінің өзі М.Әуезов театрындағы сол бір тамаша дәстүр мен сыйласымды, адами қарым-қатынасты, айрықша бір жылылықты өзімен Қ.Қуанышбаев театрына да ала келгендей болып сезілетін. Сол қасиетті ұжым бойына да сіңіре білді. Қазір Қаллеки театры қалыптасқан осы тәртіппен жұмыс істеп келеді. Ұжымымыздың да өзіндік бұлтартпас қағидалары мен дәстүрі бар. Бастысы, кішілері үлкенді аға тұтып, үлкендері кішіге ізет білдірер тамаша бір сыйласым мен мейірім шуағы бар мұнда. Бұл да болса Әзекеңнің салып кеткен сара жолы деп білемін.
– Алматыны сағынасыз ба?
– Алматыны сағынбадым деудің өзі күнә шығар. Әрине, сағынамын! Ол жақта менің жастығым, өмірімнің ең бір қызықты, естен кетпес сәттері қалды. Ол жерде менің жан қиысар абзал көңілді достарым, сырлас әріптестерімнің ізі сайрап жатыр. Қалай десек те, Алматының аурасы бәрібір бөлек. Ол жақта өнердің жүрегі ешқашан тоқтамайды, мәңгілік соғып тұрады. Алматы дегенде, менің көңілімді осындай бір ғаламат сезімдер кернейді. Әйтсе де, Астананың да өз ерекшелігі бар. Осыдан 10-15 жыл бұрынғы кезбен салыстырғанда, елордамыз гүлденіп, көркейіп, шын мәніндегі өнер мен мәдениеттің рухани ордасына айналды. Бұрын рухани орта іздеп Алматыға кеткім келіп тұрса, бүгінде Астананы ешбір қалаға айырбастағым келмейді. Мұнда біз жаңа орта құрдық, өз жолымызды қалыптастырдық. Сондықтан да ұжымыма айтар алғысым шексіз.
– Аға, бүгінде 70 жастың белесіне шықтыңыз. Ойыңызға не оралады?
– Біреуге аз, біреуге көп көрінер. Бірақ 70 деген адам шошитын жас емес екен. Алла күш берсе, әлі де қуатым бойымда. Алда жоспар көп. Талай шығармашылық жұмыстар күтіп тұр. Сол ізденістеріммен көрерменімді қуантқым келеді. Мерейтойыма орай сүйікті ұжымымның қолдауымен Италия драматургі Ф.Бордонның «Қардағы көгершіннің ізі…» атты жақсы бір драмасын көрерменге ұсынып үлгердік. Бұл да болса менің сахнадағы жарты ғасырлық шығармашылық өмірімнің есеп беруі болса керек. Аталған қойылымға дайындалу мен үшін үлкен тәжірибе болғаны анық. Актер үшін ең қымбат дүние – көрерменнің қошеметі десек, Алла мені сол бақытқа бөледі. Шүкір!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»