Мемлекеттік сатып алу заңын бұзғаны үшін 500 АЕК айыппұл салынды

0

“Әділдік жолы” Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласындағы филиалының мониторингі негізінде мемлекеттік сатып алу заңының талаптары бұзылған деп танылып, «М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының департамент басшысы О.Акимжановқа 500 АЕК, яғни 1 531 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Нақтырақ тоқталсақ, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 39-бабының 3-тармағының 42-тармақшасына сәйкес  мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу егер біртекті тауарлардың құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспаса осындай жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жағдайында жүзеге асырылады.

Алайда аталмыш оқу орны былтыр жалпы сомасы 64 657 850 теңге болатын тауарды бес мемлекеттік сатып алумен бір көзден алу тәсілімен сатып алған. Бес сатып алудың төртеуі бойынша өнімді ұсынушы болыпа — «Гульдер» өндiрiстiк кооперативi танылса, құны 11 169 400 теңге болатын компьютердің қосалқы бөлшектерін “TAMERLAN” атты жеке кәсіпкерден сатып алған.

Қолданыстағы заң талабы бойынша бұл сатып алулар баға сұранысын сұрату арқылы бәсекелестерге мүмкіндік бере отырып жүргізілу керек болатын.

Осы заңбұзушылықты анықтаған соң біздің бірлестік тарапынан Шымкент қаласы Мемлекеттік Ішкі Аудит Департаментіне хат жолданып, құқықбұзушылықтар расталды. Нәтижесінде осы бес мемлекеттік сатып алу бойынша университеттің лауазымды тұлғасына Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы»  Кодексінің 207-бабының 11-бөлігімен әр мемлекеттік сатып алу бойынша 100 АЕК айыппұл салынды.

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қолданыстағы заңнамасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қоғамдық бірлестіктердің қатысуын көздейді.

ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы Заңының 18 бабына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың субъектілеріне қоғамдық бірлестіктер де жатады, және осы Заңның 7 бабына сәйкес қоғамдық бірдестіктер де сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті жүзеге асыра алады.

Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында “Әділдік жолы” Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласындағы филиалы өз жұмысын әрі қарай жалғастырады. Өз кезегінде тұрғындарға мемлекеттік сатып алу порталы бойынша кез-келген азамат құқықбұзушылықтарды анықтап, уәкілетті органға жүгіне алатынын жеткізгіміз келеді. Мемлекет қаражатының үнемді жұмсалуына бірге бақылау жасайық!

Айжан Кесебаева

“Әділдік жолы” Республикалық

қоғамдық бірлестігінің

Шымкент қаласындағы

филиалының басшысы