Мемлекет тиімділігінің басты өлшемі – халық табысы мен өмір сүру сапасы
Экономика өсімі 4 пайыздан асты
– Жалпы 2018 жылдың көрсеткіштері экономиканың барлық саласында жақсы деп айтуға болады. Соның нәтижесінде халыққа әлеуметтік қызмет көрсететіндей жағдай болды. Атап айтсақ, экономиканың өсімі 4 пайыздан асты. Бұл жалпы дүниежүзілік орташа өсімнен жоғары. Негізінен саудада – 7,6, көлікте – 4,5, өнеркәсіпте 4 пайыздан астам өсім бар. Инфляцияның өткен жылғы көрсеткіші 5,3 пайызды құрады. Солай деп жоспарлаған едік. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17 пайыздан асты. Бұл да жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Аталған экономикалық көрсеткіштердің барлығы халық тұрмысын жақсартып, нақты табысының артуына өзінің үлесін тигізеді, – деді Президент.
Отырыста еліміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен биылғы жоспары жайында баяндаған Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев Елбасының өткен жылы желтоқсанда «Сарыарқа» газ құбырының құрылысын бастауға рұқсат бергеніне тоқталды.
– Бүгінде құрылысты қаржыландырудың мәселелері шешіліп, бас мердігер анықталды. Жобаны жүзеге асыру мен газ құбырын пайдалану кезеңінде 1 900-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады, – деді Е.Досаев.
Ол 2018 жылдың 1 шілдесінен «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы басталып, осы бағдарлама бойынша 43, 7 млрд теңге сомасына 3 600 несие берілгендігін, жалпы 92 млрд теңгеден астам сомаға өтінімдер келіп түскендігін айтты. Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2,7 млн адамның арасында 1,8 млн адамның мәртебесі өзектендірілгенін жеткізді. Қалған 900 мың адам бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда және осы бағыттағы шаралар жыл соңына дейін аяқталады.
– Көрдіңіздер ме, бұл проблеманы шешуге болады. Көп жылдан бері өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі айтылып келген еді. Енді бұл жұмыспен тыңғылықты айналысқаннан кейін, мәселеге қатысты лайықты шешім шығаруға болады, – деді Елбасы Үкімет басшысының орынбасары Е.Досаевқа қарата айтқан сөзінде.
– 90 млн тоннадан астам мұнай мен 55 млрд текше метрден астам газ өндірілді. Мұнай өңдейтін барлық үш зауытты жаңғырту жұмыстары аяқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі мұнай өнімдеріне бөлшек баға өсімі байқалған жоқ. Биылдан бастап бензин, дизель отыны, авиакеросин мен битумге ішкі қажеттілік қамтамасыз етіледі, – деді Е.Досаев.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған сектордағы ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,1 пайызды құрап, оның 70 пайызы шикізаттық емес сектордың есебінен қамтамасыз етілген.
Премьер-Министр орынбасарының сөзінше, цифрландыруға қатысты денсаулық сақтау саласында біршама жетістік бар. Осының нәтижесінде емханалардағы кезек күту азайған.
– Емханалардағы кезекті төмендету мен қолжетімділікті арттыру үшін 1 142 жаңа дәрігерлік учаске, 97 бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысаны құрылды. Сонымен қатар дәрігер қабылдауына онлайн режімде жазылу енгізілді. Нәтижесінде, бүгінде емханалардағы адам кезегі екі есеге төмендеді, – деді Е.Досаев.
Оның айтуынша, азаматтардың 90 пайызында электронды денсаулық паспорттары бар. Сәйкесінше, елдегі барлық медициналық мекемелер электронды құжат айналымына толық көшті.
Мұнан кейін сөз алған Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев: – Жолдауда белгіленген тапсырмалар аясында экономиканың басым бағыттарын қолдау үшін 600 млрд теңге несие беру механизмі іске қосылды. Жобаларды қаржыландыру механизмдері бекітіліп, алғашқы банк несие беруді бастап кетті. Алайда 600 млрд теңгелік бұл бағдарламадан бөлек, Ұлттық банк ақшалай несие беру саясатының тиімділігін арттыру жұмысын күшейтеді. Ұлттық банк аталған секторды әлсіз әрі тиімділігі төмен банктерден тазарту жұмысын жүргізді. Бұрын айтқанымыздай, біз өткен жылдардың қателіктерін ескере отырып, заңнамалық тұрғыда жұмыстың қатал ережесін енгіздік, – деді.
Ұзақ мерзімді бизнес-жобаларға 600 млрд теңге
Ұлттық банк төрағасының сөзін тыңдаған Мемлекет басшысы бизнесті дамытуға бағытталған 600 млрд теңге ұзақмерзімді жобаларға жұмсалуы керектігін тілге тиек етті.
– Нақты осы қаражатты қандай нысандарға жұмсайтынымызды айқындадыңыздар ма?, – деп сұрады Президент.
Мемлекет басшысының бұл сұрағына Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев жауап берді.
– Біз «Атамекен» ҰКП және негізгі мемлекеттік органдармен бірге тауарлы позицияларды да айқындадық. Сома белгіленді. Қатысушылар дайын. Ақпан айынан бастап белсенді түрде несие беруге дайынбыз, – деді.
Мемлекет басшысы нақты жұмыс атқару керектігін ескертті. – Егер кезінде несие алған әлсіз компанияларға беретін болсаңыздар, ақша жоқ болып кетеді де, банктер қолайсыз жағдайда қалады. Тек өз жұмысын көрсете білген компанияларға ғана беру керек. Біз бұл туралы әлі сөйлесеміз, – деді Н.Назарбаев.
Д.Ақышев өткен жылы «7-20-25» бағдарламасы іске қосылғандығын, ендігі кезекте, несие беру ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырғандарын, 2019 жылы Ұлттық банк Қазақстан азаматтары отандық көлікті сатып ала алатындай жедел түрде бағдарлама әзірлеп, несие беруге дайын екендігін жеткізді.
– Бұл іс те «7-20-25» бағдарламасының үлгісіне сүйене отырып жұмыс істейді. Аталған бастама импортты алмастыруға серпін беріп, импорттық тауарлардың жағымсыз сипатта өсуін тоқтатады, – деді ол.
Өз кезегінде Президент бұл автомобиль өнеркәсібіне оң әсерін тигізетінін атап өтіп, бастамаға қолдау білдіретінін айтты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, базалық металдарға қатысты әлемдік бағаның төмендеуіне, негізгі сауда әріптестерге қатысты санкцияларға және басқа да сыртқы факторларға қарамастан, 2018 жылдың қорытындысы бойынша ел өнеркәсібі 4,1 пайызға өсті. Бұл тау-кен секторының 4,6 және өңдеуші өнеркәсіптің 4 пайызға озық қарқынмен өсуі есебінен орындалды. Өнеркәсіп саласы бойынша өңірлер арасында Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Астана қаласы көш бастап келеді.
– Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру кезеңінде жалпы құны 7,9 трлн теңге болатын 1 250-ден астам жоба іске қосылып, 120 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал 2018 жылы құны 1,3 трлн теңге болатын 100 жоба іске қосылып, 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды, – деді Ж.Қасымбек. Оның айтуынша, 2019 жылы жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 120-ға жуық жобаны іске қосу жоспарланған, бұл жобалар бойынша 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылмақ.
Министрдің дерегінше, 2018 жылы бір тұрғынға тұрғын үйді беру 0,68 шаршы метрді құрады. Бұл ТМД елдерінің ішінде ең жоғары көрсеткіш. 113 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарды, оның ішінде мемлекеттік қаражат есебінен 14 мыңнан астам отбасы жалға берілетін және кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Барлық өңірде тұрғын үйді беру бойынша оң серпін байқалады.
Елбасы тұрғын үй құрылысында отандық материалдарды пайдалану ел экономикасының локомотиві болып саналатындығын баса айтты.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша құрылыстағы қазақстандық қамту үлесі 77 пайызды құрады. Осыған байланысты деңгей 2017 жылы 5 пайызға, оның ішінде тұрғын үй құрылысы бойынша 86 пайызға артты, – деді министр.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Президент тапсырмасы бойынша алғашқы ұлттық төмен бюджетті Fly Arystan авиакомпаниясын іске қосу жоспарланған. – Алғашқы жылы 1 млн жолаушыға дейін тасымалдау жоспарлануда, бұл «Эйр Астананың» бағасынан 2 есе төмен, – деді Ж.Қасымбек.
Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасы аяқталғаннан кейін бірден облысішілік, ауданішілік жолдарды салуға ойысу керектігін ескертті.
– 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың 85 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болады деп күтілуде, – деді министр осы бойынша атқарылатын жұмыстарды баяндай келе.
АӨК әлемдік сұранысқа дайындалуы керек
Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев өзі жетекшілік ететін сала жұмысына тоқталды.
2018 жылы агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігі бір жұмыспен қамтылған адамға шаққанда 2 млн 5 мың теңгені құрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 23 пайызға жоғары» деген ол өткен жылдың қорытындысы бойынша бидайдың әр гектарынан – 12,5 мың теңге, рапстан – 57 мың теңге, күнбағыс пен зығырдан – 22 мың теңге, суармалы жерлерде де мақтаның әр гектарынан – 300 мың теңге, картоп пен көкөністен – 1 млн теңге, бақша дақылдарынан – 1 млн теңге және жеміс-жидектен 10-11 млн теңге табыс алынғандығын айта келе, осының мысалында тиімділікті ескере отырып, қазірдің өзінде егістердің құрылымы өзгергендігін, 2018 жылы майлы тұқымдардың жалпы жиналымы 2,7 млн тоннаны құрағандығын айтты. Қазақстан зығыр өндіру бойынша алғаш рет әлемде 1-орынға ие болды, оның көлемі 930 мың тоннаға дейін жетті.
Осыған орай Елбасы мына мәселені ескертті: – Ауыл шаруашылығы саласы болашақта экономиканы дамытудың негізгі драйвері болатынын үнемі айтып жүрміз. Барлық елдер өздерінің жерлерін игеріп болды. Дүние жүзінде әлі игеруге болатын жер Қазақстан, Ресей, Украинада қалды, – деген Елбасы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
– Егер де барлық елдер АҚШ-тағы секілді азық-түлікті көбірек тұтынатын болса, әлемдегі азық-түлік 2,5 млрд адамға ғана жетеді. 2040 жылы жер бетінде 8,9 млрд халық болады. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың артуына байланысты барлығы бізге келеді. Осы үрдістерге дайындалу керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуетіне жекелей қарау қажет. Қанша қаржы керек болса, соны берейік. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткізу керек, – деді Мемлекет басшысы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа қарата айтқан сөзінде.
Ө.Шөкеев еліміздің солтүстік өңірлерінде суармалы жерлерді көбейтуге қатысты шаралар іске асырылатынын баяндады.
– Ірі жекеменшік компаниялар мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жерлерді мелиорациялауға қатысуға дайын. Өткен 10 жылда елде жылына орташа есеппен 2-3 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілген болса, 2018 жылдың өзінде 65 мың гектар жер пайдалануға берілді, – деді Ө.Шөкеев.
Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында Жамбыл мен Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері Асқар Мырзахметов пен Алтай Көлгінов сөз алды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлердің баяндамалары тыңдалған соң, Елбасы экономиканың барлық саласындағы индикаторларды атап көрсетіп, қай бағытқа басымдық беру керектігін, қандай кем-кетік тұстардың орын алғандығын жіпке тізді. Алдымен Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банк және облыс әкімдері өткен жылы айтарлықтай жұмыс жүргізгенін, оң нәтиже дамудың оңтайлы көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
– Ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге өсті. 500 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды, 113 мың отбасы жаңа баспана алды. Кәсіпкерлік үшін барынша қолайлы жағдай жасалды, − деді Президент.
Сонымен қатар әлемдік экономикадағы үрдістерге назар аударып, экономикалық өсу қарқынын одан әрі қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
− Өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік саясатты жүйелі түрде қайта қарау басталды. Бес әлеуметтік бастама, жақында Қазақстан халқына Жолдау және жастар үшін қабылданған әлеуметтік пакет шеңберінде барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының артуын қамтамасыз етуге зор қаражат жұмсалады. Бүгінде барлық елдер әлеуметтік шығыстардың ұлғаюына мүмкіндік бере алмайды, − деді Н.Назарбаев.
ШОБ-тың дамуына әкімдер жауапты
Елбасы бұдан былай халықтың табысы мен өмір сүру сапасы мемлекет тиімділігінің басты өлшеміне айналатынын және әр министр мен әкімнің жұмысы осы бойынша бағаланатынын атап өтті. Отырыс барысында Президент барлық бағдарламалық құжаттардың орындалу барысы мен нәтижелеріне жеке тоқталды.
−Ұлт жоспарында мемлекеттің рөлін төмендетуге, жеке бизнесті дамытуға, бәсекелестік пен заңның үстемдігіне негізделген экономиканың жаңа моделін қалыптастыру міндеті қойылған. ІЖӨ-нің өсуі, ең алдымен, тиімділікті, еңбек өнімділігін арттыру, шағын және орта кәсіпкерлікті күшейту есебінен жүргізілуі тиіс. Соңғы жылдары экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 25-27% деңгейінде қалып отыр. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35%-ға және 2050 жылға қарай кемінде 50%-ға жеткізу көзделген, − деді Н.Назарбаев.
Елбасы бизнестің жол картасы аясында мемлекеттен 385 миллиард теңге бөлінгенін, 20 мыңнан астам жобаға қаржылай қолдау көрсетілгенін, 180 мыңға жуық кәсіпкер тиісті оқудан өткенін атап өтті. Десе де осы саладағы бірқатар мәселелердің шешімін таппай отырғанын, кей өңірлердің көрсеткіші төмен екенін де баса айтты.
– Даму үшін үлкен әлеует бар. Мысалы, тек реттелетін сатып алу көлемі 11 триллион теңгеден асады. Сарапшылар құны 1 триллион теңге болатын импортталатын тауарлар мен қызметтерді ішкі өндіріспен алмастыру мүмкіндігін бағалайды. Сонымен қатар Павлодар және Түркістан облыстарында шығарылған ШОБ өнімінің көлемі төмендеді. Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып, талқылауды тапсырамын. Әр әкім шағын және орта бизнестің дамуына жеке жауап береді. Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев жеке жауап береді, − деді Президент.
Осы ретте экономикаға мемлекеттің қатысу және бәсекелестік нарықтарды кеңейту мәселелеріне жеке тоқталып, монополияға қарсы қызметтің жұмысы бәсекелестік нарықты қалыптастырып, бизнесті кеңейту екенін жеткізді.
− Жеке сектор экономика өсуінің және еңбек өнімділігінің негізгі драйвері болуы тиіс. Әрбір әкім өңір экономикасының қандай құрылымы болатынын, даму қандай саланың есебінен екенін, қандай бағыттар жұмыс орындарын және халықтың табысын қамтамасыз ететінін нақты көрсетуі тиіс, − деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай облыс әкімдеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, өңірді дамыту перспективасы аясында жұмыс орындарын құруға бағытталған әрбір облыстың даму жоспарын қалыптастыру тапсырылды. Экспорт құрылымындағы қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін арттырудың және халық үшін әлеуметтік маңызы бар тауарларға тарифтер мен бағаларды бақылауды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, мал шаруашылығын дамыту және ішкі нарықты отандық өндірістің ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Елбасы сондай-ақ индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру қорытындылары мен негізгі капиталға инвестиция тарту процесіне тоқталды.
– Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аяқталуда. Өнеркәсіпті дамытуда маңызды рөл атқарған 1250 жоба іске асырылды. Елді үшінші жаңғырту үшін негізгі капиталға жылына ІЖӨ-ге 30%-дан астам деңгейде инвестициялар тарту қажет. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 20%-дан кем. ІЖӨ-ге қатысты кредиттердің үлесі де төмен болып қалуда − 25% деңгейінде. Әңгіме нақты секторға инвестициялардың жетіспеуі туралы болып отыр. Ұлттық банк белсенділік танытып, экономикалық өсуге жәрдемдесуі керек, – деді Елбасы.
Бұл ретте, Мемлекет басшысы нақты сектор мен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру бойынша жүйелі шешімдер әзірлеуді, сондай-ақ дамыған елдердің инвесторларына баса назар аудара отырып, инвестицияларды тартудың кешенді экожүйесін құруды тапсырды.
– Әрбір салалық министрлікте, әкімдіктерде, ұлттық компанияларда инвестициялық жұмыс пен экспортқа жеке жауап беретін нақты орынбасарды бекіту қажет. Үйлесімді жұмыс үшін тиімді өзара іс-қимылды құру қажет. Біз 500-ден астам жаңа өнім түрін шығарамыз, экспорт әлемнің 110 елінде жүзеге асырылуда. Алайда, экономика құрылымына нақты әсер ете алатын жобалар аз. Жоғары өңделген өнім экспортының көлемі іс жүзінде өзгеріссіз қалады, − деді Мемлекет басшысы.
Өңіраралық жолдарға басымдық беріледі
Елбасы ерекше атап өткен салалардың бірі – қаржы секторы. Елдің қаржылық және банк жүйесіндегі жағдай күрделеніп, соңғы 3 жылда банкротқа ұшыраған кәсіпорындар саны 2 есеге, яғни 3,7 мыңға дейін өскен. Қазір олардың қарызы 4 триллион теңгеден асады. Елімізде берілген несиелердің басым бөлігі шағын кәсіпкерлікке тиесілі. Мемлекеттен несие алған кәсіпкерлердің қарызды қайтару үшін меншік капиталдары жетпейтіндігі анықталып, борышкерлер тізімі артып отыр. Осы ретте, Мемлекет басшысы банкроттық рәсімдерді оңайлатудың және олардың ашықтығын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
− 5 жыл ішінде заңнамаға 30-ға жуық өзгерістер енгізілсе де жағдай жақсармай отыр. Банкроттық рәсімі қаржылық сауықтыру мүмкін болмаған кезде қолданылады. Осы мәселелерді нақты және жүйелі түрде шешу Премьер-Министр Б.Сағынтаевқа тапсырылады, − деді Президент.
Бұл ретте, көлеңкелі экономикамен күрес шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Елбасы 3 жыл ішінде көлеңкелі экономиканың үлесін кемінде 40%-ға қысқарту міндеті қойылғанын еске салды.
− Заңды тұлғалар үшін банктер арқылы қолма-қол ақша алудың шекті көлемін белгілеу мүмкіндігін зерттеу қажет. Үкімет жеке тұлғалар үшін негізгі қарызды төлеген жағдайда айыппұлдан босатып, салық амнистиясын жүргізуі керек, − деді Мемлекет басшысы.
Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөле отырып, Қазақстан Президенті Үкімет пен әкімдіктер алдына бірқатар міндеттер қойды.Оның ішінде облыстық және аудандық жолдарды салуға назар аударып, өңірлерді инфрақұрылымдық дамыту шараларын жалғастырудың маңыздылығын айтты.
− Менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері негізінде елдің проблемалық мәселелерінің картасын жасады, онда әрбір аймақ бойынша жүйелі және инфрақұрылымдық проблемалар белгіленген. Жолдардың, ауылды сумен жабдықтау, ауруханалардың, мектептердің, ТКШ мен желілердің жағдайын шешу үшін жұмыс істеу қажет, – деді Елбасы.
Жастар баспанамен қамтылуы тиіс
Назарға іліккен маңызды міндеттердің бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйдің рекордтық көлемі – 12,5 миллион шаршы метр екенін, бұрын-соңды мұндай көрсеткішке қол жеткізілмегендігін атап өтті.
− «7-20-25» бағдарламасы бойынша 3,7 мыңнан астам қазақстандық жаңа баспанаға қол жеткізді. Дегенмен, халықтың барлық санатына бірдей тұрғын үй бағдарламаларының қызығын көру бұйырмай отыр. Оған жеткілікті табыстың болмауы, салынып жатқан үйлердің тапшылығы сынды факторлар әсер етті, деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар миллионнан аса тұрғыны бар қалаларда жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жалғастыруды тапсырды.
− Мен «кімде баспана жоқ, соған бер» десем, әкімдер «баспана жағдайын жақсартқысы келгендерге берейік» дейді. Әрине, оларға беруге болады. Алайда олардың саны артып кетеді. Одан да баспанасы жоқтарға берейік. Үйі барлар оны арзан бағамен алады да жалға беріп қойып ақша табады. Ал біз бүгінде баспанасы жоқтарды қамтамасыз етуіміз қажет. Ал олар ең алдымен жас отбасылар. Сондықтан халықаралық алдыңғы қатарлы тәжірибелерді ескере отырып, халықтың барынша мол санатына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй бағдарламаларын қайтадан бір талдауды тапсырамын, – деді Н.Назарбаев.
Жиында Елбасы халықты сапалы біліммен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырып, еліміздегі барлық мектепті толығымен интернетпен, мектеп көлігімен қамтамасыз ету керектігін атап өтті. Отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі оң көрсеткіштерге, өңірлердегі медициналық қызметтерге қолжетімділік мәселесіне тоқталып, «Саламатты Қазақстан» арнайы пойыздарын іске қосу жобасының тиімділігін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Мемлекет басшысы ең алдымен халық Үкімет атқарып отырған жұмысты сезінуі тиіс екенін баса айтты.
– Экономиканың тұрақты өсімін 4 пайыздан кем емес деңгейде қамтамасыз ету керек. Озық 30 елдің қатарына қосылу үшін болашақта 5 пайыздық көрсеткішке қол жеткізу қажет. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 28,2 пайызға дейін жеткізген жөн. Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер көлемінің өсімін 24,7 миллиард долларға дейін, еңбек өнімділігінің өсімін 2016 жылғы мөлшерден 12,3 пайызға, инвестиция өсімін ішкі жалпы өнімнен 16,8 пайызға дейін жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Өсімнің инклюзивті моделі аясында тұрғындардың орташа жан басына шаққандағы нақты кірісін 2016 жылғы көрсеткіштен 6 пайызға дейін арттыру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/