МЕМЛЕКЕТ МЕРЕЙІН ҮСТЕМ ЕТКЕН ЖОБА
Партия әрдайым қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға белсене атсалысады. Әлеуметтік бастамалар бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын жақсартуға, қоғамды дамытуға бағытталады. Елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының келешектегі бағыт-бағдарын жоспарлы түрде болжау өте маңызды. Атап айтқанда, ғылым, биомедицина, жасанды интеллект, ғаламтор бағыттарына баса назар аударуымыз қажет.
Халықаралық жиындардың елімізде өтуі Қазақстанның беделін арттыруға үлес қосады. 2010 жылы өткен ЕҚЫҰ саммиті мен ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесі мемлекетіміздің мерейін үстем еткен жобалар болды.
Қазақстанға экономикалық дамудың даңғыл жолын қалыптастырып, өміршең жобаларды қолға алу керек. Мемлекет басшысы өнім өндіруші сектор жұмысын жолға қоюды тапсырды. Бұл тұста солтүстік өңірдің Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін жаңа технологияларды пайдалана отырып дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтуге болады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аймақ экономикасының дамуын, қазына қаржысының дұрыс игерілуін, жұмысшылардың жалақысын көтеру мен салықтың уақытында жиналуын, ауылшаруашылық жерлердің тиімді пайдаланылуын жіті қадағалауда ұстап отыр.
Әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы көлемін арттыру халықтың тұрмысын жақсартуға оң ықпал етеді. Дамуға бағыт алған жолда кідіріс жасауға болмайтыны анық. Болашақта білім мен ғылымды жүйелі дамытуға салынатын инвестиция көлемін ұлғайту бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ білім саласын оңтайландыруға арналған маңызды қадамдардың бірі – «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң қабылдау. Шындығында, мұғалімдердің мәртебесін заңмен қорғау, беделін биіктету идеясын айтқаны үшін Президентке мұғалімдер қауымы ризашылық білдіріп отыр. Елбасының мектепке дейінгі білім беруді дамытуға арналған бағдарламалар туралы идеясы өміршең. Әлемде мектеп жасына дейінгі балаларды оқытуға қомақты қаржы жұмсайтын елдер бар. Осы жерде «Азияның үш жолбарысы» атанған Жапония, Сингапур, Қытайды үлгі етуге болады.
Сапалы медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру бағытында да көп жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстық кардио және онкологиялық орталығы – республика бойынша алдыңғы қатарлы салалық мекеме. Алдағы үш жылда отандық медицинада жаңа қаржыландыру бағдарламасының аясында көптеген жаңа жобалар іске асады. Енді отандастарымызға шетелде емделудің қажеті жоқ. Күрделі диагноз қойылған науқастарға Қазақстанда ота жасауға мүмкіндік бар. Мұның өзі – үлкен жетістік. Президенттің халық көңілінен шыққан ұсыныстары мен бастамаларына тоқтала отырып, «Нұр Отан» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мүшелері жаңа идеяларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізгім келеді.
Гүлбақша МҰСАБАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «Құқықтық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы, «Нұр Отан» партиясы мүшесі