Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының бүгінгі ахуалы туралы айтты

0

2018 жылғы 29 желтоқсан 00:25 185

Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының бүгінгі ахуалы туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат — Жыл қорытындысына орай отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономикалық ахуалы жайында сөз қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел ішіндегі ахуалға тоқталар болсам, әлемдік экономикадағы өте үлкен құбылмалылыққа, санкциялық текетірестер мен сауда соғыстарына қарамастан, экономикамыз 4 пайыздан астам өсім көрсетті. Бұл, әлемдік деңгейден, әлемдік экономикадан жоғары. Мүмкін бізге үлкен қарқынмен жылжу керек те шығар. Бірақ, қазіргі өмір сүріп жатқан жағдайымызда бұл да жақсы», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы бүгінде инфляция 5-7 пайыз дәлізде тұрғанын атап өтті.

«Елдің алтын-валюта қоры артып, 88 млрд долларға жетті. Бұл, дағдарыс  туындаған жағдайда мемлекетіміздің тұрақты қызметін қамтамасыз етеді. Қараңыздаршы, үш ай бұрын мұнай баррелі 80 долларға жуық болса, қазір 60 доллардан төмен түсіп кетті. Міне, осындай  жағдайда жұмыс істеуге тура келеді.  Ал бюджет түсімінің негізі, жартысынан көбі шикізаттан түскен қаражаттан құралады», — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың өзінде елімізде 100 жаңа өндіріс ошағы іске қосылғанын, ал жалпы 1200 нысан жұмыс істеп тұрғанын айтты.

«550 мың адам жұмыс, жаңа жұмыс орнын, жоғары жалақы төлейтін жұмыс орнын тапты.  Толықтай алғанда, экономиканы қалыпты деп санауға болады. Үкімет, өңірлер, атқарушы билік жасау керек дүниенің барлығын жасады»,  — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz