Мектептерде жаңажылдық ертеңгіліктер болмайды — БҒМ басшысы

0

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде жаңажылдық ертеңгілік өткізуге қатысты сұраққа жауап берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Ертеңгіліктер мен басқа да бұқаралық іс-шараларға келетін болсақ: олар мектептерде өткізілмейді. Бас санитария дәрігерінің шешімі бар, біз бұл шешімдерге бағынамыз. Сондықтан мектептерде ертеңгіліктер немесе басқа да бұқаралық іс-шаралар болмайды. Мерекелерді бір сынып ішінде өткізу туралы шешім мектеп әкімшілігі деңгейінде қабылданады», — деп жауап берді ведомство басшысы Сенат отырысында.

Сондай-ақ, министрге «омикрон» штамының таралуына байланысты мектеп оқушыларын қашықтан оқыту форматына көшіру мүмкіндігі туралы сұрақ қойылды.

«Бұл туралы айтуға әлі ерте, біз ведомствоаралық комиссияның шешімдері аясында жұмыс істейміз. Қазіргі уақытта қорытынды шығаруға ақпарат жеткіліксіз», — деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов

Бұған дейін ДДСҰ коронавирустың жаңа штамын зерттеуге бірнеше апта қажет болатынын хабарлаған болатын. Бірақ сарапшылар қазірдің өзінде «омикрон» вакциналарға төзімдірек және тезірек таралуы мүмкін деп болжап отыр. Сарапшылардың пікірінше, қолданыстағы ПТР-сынамалары бұл штамды тануға қабілетті. Дегенмен, олар «омикрон» адамзатқа Эбола вирусы сияқты қауіп төндіреді деп есептейді.

Қазақстанда «омикрон» штамына байланысты жаңа шектеулер енгізіледі.