Медициналық мекеме көбейді | «Айқын» газеті
Тәуелсіздік күніне орай Жамбыл өңірінде жаңа 28 нысан пайдалануға берілді. Оның 12-і көпқабатты тұрғын үй болса, жетеуі – дәрігерлік амбулатория, төртеуі – балабақша, төртеуі – ауыз сумен қамтамасыз ету және 1 кәріз жүйесі. Мұның бәрі Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы басым міндеттерді орындау, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға негізделген.
Жолдаудың өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру басымдығы бойынша Елбасының Бес әлеуметтік бастамасының бірінші бағыты «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» аясында бірқатар жоба іске асырылуда. Оған мереке аясында пайлануға берілген 12 көппәтерлі тұрғын үй дәлел бола алады. Оның тоғызы Тараз қаласының Сүлейменов көшесінің соңындағы жаңа №15, екеуі «Бәйтерек» мөлтек аудандарынан берілді. Сондай-ақ Шу қаласындағы «Жетісу» тұрғын алқабындағы 75 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй қайта жөндеуден өтті. Бүгінде облыс орталығындағы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 462 гектар жер телімінде жаңа екі мөлтек ауданның құрылысы жүруде. Аталған аудандарда «7 – 20 –25» бағдарламасы аясында ұсынылатын 480 көпқабатты және 969 жеке тұрғын үй құрылысы басталып, биыл 10 көппәтерлі үй (800 пәтер), 2019 жылы 25 үй (1 380 пәтер) пайдалануға тапсырылуы жоспарланған.
Жалпы, қазіргі кезде Тараз қаласындағы 686 пәтер бағдарлама аясында азаматтарға ұсынылуда. Ал №15 жаңа мөлтек ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінші қабаттарын іскерлік ортаға беру көзделуде. Осыған орай тиісті шаралар атқарылуда. Осылайша, тұрғын үй ғимараттарының сыртқы ажарын арттыру жоспарлануда. Жаңа мөлтекауданның жоспары қайта қаралып, онда алдағы уақытта оқушылар, неке қию, салтанат сарайлары, әкімшілік ғимараттар мен әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады. Халыққа қызмет көрсету орталығы, қонақ үй, Тәуелсіздік монументі, үлкен сауда-ойын сауық орталығының құрылыстарын жүргізу жоспарда бар. «7 – 20 – 25» кредиттеу бағдарламасы аясында әкімдік пен Ұлттық банк филиалы, бағдарламаға қатысушы банктер арасында бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген. Ипотекалық несиенің алғашқы жарнасының 30 пайыздан 20 пайызға төмендеуіне байланысты, пәтер алуға мүмкіндігі бар азаматтардың саны 3 есеге артқан.
Сонымен қатар Елбасы Жолдауында медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті болып саналатының баса айтты десек, мереке қарсаңында ашылған 28 нысанның 7-і – медициналық мекеме. Облыс көлемінде халық денсаулығының сапасын арттыру мақсатында ауқымды қолға алынған жұмыстар жүргізілуде. Жекеменшік секторды жұмылдыра отырып, қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері қолданылуда. Медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша инновациялық әдіс-тәсілдер енгізіліп, жаңа ғимараттар мен нысандардың құрылысы жүргізілді. Тәуелсіздік күні ашылған 7 медициналық нысанның 2-і – мемлекеттік, 5-і мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген. Олар Байзақ ауданындағы Көкөзек, Жуалы ауданындағы Ертай, Қошқарата, Қордай ауданындағы Жаңатұрмыс, Т.Рысқұлов ауданындағы Мамай-қайыңды, Шу ауданындағы Көкқайнар, Бәйдібек ауылдарында орналасқан. Бұл ашылған медициналық мекемелер арқылы ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық көмек көрсету қажеттілігі 84 пайызға қамтылады.
Сондай-ақ Тәуелсіздік күніне орай Жамбыл облысында халықтың тұрғын үй мен медициналық мекемелерге деген қолжетімділігін арттыруға арналған нысандардан бөлек, жұртшылықтың әлеуметтік тұрмыс сапасын жақсартуға негізделген мекемелер де ел игілігіне берілді. Атап айтар болсақ, Жамбыл ауданындағы Тоғызтарау ауылының сумен қамтамасыз ету жүйесі іске қосылса, Пригородное және Қордай ауданындағы Ауқатты ауылының сумен қамтасыз ету жүйесі қайта жаңғыртылды.
Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және жайластыру, Шу ауданындағы Төле би ауылының кәріз жүйесін қайта жаңғырту шаралары аяқталды. Қордай ауданындағы 100 орынды «Айару», «Айсұлтан», «Сенім Қордай», «Нұрсила» жекеменшік балабақшалары есігін айқара ашты. Осылайша облыстағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі 98 пайызға жуықтатты. Ал келер жылы тағы 29 балабақша ашу арқылы 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту көзделіп отыр.
Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл облысы
Дереккөз: Айқын