Мәжіліс сот жүйесін жаңарту туралы заң жобасын мақұлдады

0

Қаңтардың 22-сі күні парламент мәжілісі Қазақстанның сот жүйесін модернизациялау жөніндегі заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасын мәжілісте таныстырған жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов құжатта кадр саясатын, оның ішінде сот төрағаларын тағайындау ережелерін өзгерту қарастырылғанын айтты.

Оның сөзінше, жоғарғы сот судьялардың облыстық сот төрағасы қызметін екі мерзімнен артық атқармауын және оларды конкурс бойынша ғана тағайындауды ұсынып отыр.

«Қолданыстағы заң бойынша, судьялар 35 жастан бастап облыстық сот төрағасы бола алады және ол қызметті 65 жасқа дейін атқаруына болады. Ешқандай шектеу жоқ. Біз мұны шектеп, екі мерзімнен асырмауды ұсынамыз. Себебі, ұзақ басқарған төраға уақыт өте сотты әмір беріп басқаруға көшуі мүмкін. Бұл — қатардағы судьялардың тәуелсіздігіне әсер етеді» деді Асанов.

Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, кейбір сот төрағалары басқарумен ғана айналысады да, сот істерін қараудан қалады және өзінің тікелей міндетін орындамай, кәсіби біліктілігі төмендеп кетеді.

Жақып Асанов бұған қоса сот төрағаларын жоғарғы сот төрағасының ұсынуымен тағайындауды дұрыс емес деп санайтынын, олардың конкурс арқылы тағайындалуы тиіс екенін айтты.

«Сот төрағасы болатындар конкурсқа қатысуы керек және оларға жоғарғы сот төрағасы ықпал етпеуі тиіс. Сол кезде ғана бізде лайықтыларды таңдап алуға мүмкіндік туады. егер соттың әділетті әрі білікті болғанын қаласақ, онда біріншіден сотқа үздік заңгерлерді тартуымыз керек. Екіншіден, судьяларды тәуелсіз етуіміз керек» деді Асанов.

Қазақстан жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Талғат Донақов бұған дейін елдегі заңгерлер дайындау жүйесін түбегейлі өзгерту керегін мәлімдеген. Донақов елде судьялардың дербестігін күшейту қажетін де айтқан.

«Қазақстанда заңгерлерді дайындау деңгейі төмен деуге болады. Меніңше, Қазақстандағы заң білімін беру беру жүйесін түбірімен реформалау керек. Заң білімін беру жүйесінде тәртіп орнату қажет. Себебі судья болғысы келіп, емтихан тапсыратындардың білім деңгейі өте төмен. Ең алдымен, заң білімін беру жүйесін қатаңдату керек» деген Донақов.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанда сот жүйесін іс жүзінде тәуелсіз емес, кейбір саяси істерде көп жағдайда біржақты айыптау үкімін шығарады деп сынайды.

Тыңдай отырыңыз: Қазақстан соты әділ ме?

Дереккөз: Азаттық