Мәжіліс шағын кредитке қатысты заң жобасын мақұлдады

0

Мәжіліс микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеуге қатысты өзгерістерді екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы сенатқа жолданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Аманжан Жамаловтың айтуынша, өткен жылы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Сол кезде микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға қатысты бірқатар талаптар енгізілді.

Атап айтқанда, кредиттің толық құнын келісімшарттың бірінші бетінде көрсету, мерзімі өтіп кеткен сыйақыға комиссия есептеуге тыйым салу, коллекторлық компаниялардың минималды жарғылық капиталын бекіту сияқты нормалар бар. Ал мәжіліс сайлауынан кейін жұмыс тобының құрамы жаңарды, заң жобасына тағы өзгерістер енгізілді.

«Мәселен, уақытында төленбеген шағын кредиттер бойынша айыпақы көлемін азайту қарастырылған. Бүгінде ондай талап банк заңнамасында бар. Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымдары жылдық тиімді мөлшерлемені жарнамада көрсетуі керек. Ал коллекторларға бөгде адамдардың телефонынан хабарласуға болмайды. Сосын коллекторлар мен қарыз алушылар арасындғы қарым-қатынасты аудио-видео тіркеу мәселесі қарастырылған», — деді Жамалов мәжілістің жалпы отырысында.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдады.