Мәскеудегі алқабилер соты Томирис Байсафаның өліміне күдіктіні ақтап шықты

0

Мәскеудегі алқабилер соты Томирис Байсафаның өліміне қатысты үкім шығарды.

Дағыстанның экс-премьер-министрінің ұлы, басты күдікті Муртазали Меджидов ақталды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Меджидов 105 баптың 1 тармағы бойынша алқабилердің шешімімен ақталды. Ертең сағат 9:30-да сот үкімі оқылады», – делінген Никулинск аудандық сотының баспасөз хабарламасында.

Марқұмның анасы бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Достар, оны кінәсіз деп тапты. Не айтарымды да білмеймін», – деп жазды Томиристің анасы Жанна Ахметова.

Айта кетсек, 2018 жылы 13 сәуірде Томирис Байсафа белгісіз жағдайларға байланысты Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының төртінші қабатынан құлап кетеді. Алған жарақаттарының салдарынан ол 3 мамырда көз жұмады.

Оның өліміне кінәлі деген айыппен Дағыстанның экс-премьер-министрінің ұлы Муртазали Меджидов ұсталған болатын.