Мәскеуде тағы екі қазақстандық жеңіске жетті

2018 жылғы 24 желтоқсан 01:18 511

АСТАНА. ҚазАқпарат — Мәскеудегі кәсіби бокс кешінде тағы екі қазақстандық спортшы рингке шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алдымен Алматы облысында туып-өскен Константин Брусенский жартылай жеңіл салмақта кәсіби бокстағы алғашқы кездесуін ресейлік Дагир Качакаевпен өткізді.
Бұл кездесу алты раундқа созылуы тиіс болатын. Константин оған жеткізбей, екінші раундта-ақ қарсыласын сұлатып салды. Нокаут!
Тағы бір қазақстандық, 25 жасар алматылық Али Балоев (7-0, 6 КО) бірінші ауыр салмақта сегіз раундтық бәсекеде Нигерия елінің өкілі Афинни Абиодунмен (6-1-1, 5 КО) шеберлік байқасты.
Кездесу барысында А.Балоевтың басымдылығы анық байқалып, оның ауыр соққылары әлсін-әлсін дарып жатты. Ақыры сегізінші раундта оң қолының соққысымен нигериялық боксшыны нокаутқа жіберді.
Еске сала кетейік,бұдан бұрын Айдос Ербосынұлы мен Нұрсұлтан Жаңабаевтың титулдық жекпе-жектерін жеңіспен аяқтағанын жазған болатынбыз.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz