Мәскеуде «Қазақтың жолы – қазақ жолы» атты дөңгелек үстел өтті

0

Бұл шараға Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдау көрсетті деп хабарлайды дөңгелек үстелдің модераторы, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының докторанты, заң ғылымынң кандидаты Қазыбек Дауталиев.

Дөңгелек үстел барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалалары әңгіме арқауына өзек болып, ондағы жетекші ойлар қазақ дүниетанымының басты ұғымдарының бірі – «Жол» категориясы арқылы тарқатылды. «Жол» ұғымының этнолингвистикалық, тарихи, құқықтық, мәдени, шаруашылық және философиялық қырлары сөз болып, Қазақ елінің алдағы даму кезеңіне дүниетанымдық тұғырнама қалыптастыру жолдары пайымдалды.

Алқалы бас қосуға Қазақстанның Мәскеу қаласында білім алып жүрген докторанттары, магистранттары, қазақ студент жастары мен Елшілік қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстелде дәйекті баяндамалар жасалып, еркін пікір алысуға жол ашылды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныс жасалып, Назарбаев зияткерлік мектептері желісі негізінде қазақтар шоғырлана қоныстанған Ресей, Моңғолия, Қытай, Иран, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты көрші елдерде, әсіресе, күннен-күнге еуроазиялық ынтымақтастығымыз нығайып келе жатқан Ресей Фелерациясында (мәселен, Орынбор қаласында) «Н.Ә.Назарбаев атындағы Еуроазиялық интеллектуалдық мектеп-интернат» орта білім беру мекемесін ашу ұсынылды. 

Екінші мемлекеттің бес негізгі белгісі бойынша қазақ мемлекеттілігінің көне дәстүрін көрсететін «Балбал тас» (аумағы), «Шежіре» (халқы), «Қару-жарақ палатасы» (әскері), «Орда» (мемлекеттік билік) және «Теңге сарай» (салық-қаржы жүйесі) мұражайлар кешенін Астана қаласында ашу қажеттігі айтылды.

Қазақ халқының өткені мен бүгінін және келешегін бір арнаға тоғыстыратын «Қазақ жолы» дүниетанымдық жүйесін қалыптастыруды маңызды деп тану қажеттігі сөз болды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/