Мәскеу Токионың аралдар жайлы мәлімдемесіне наразы
Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Игорь Моргулов 9 қаңтарда Жапония елшісі Тоёхис Кодзукиді «шақырып», Курил аралдарына қатысты жапон билігінің жақында жасаған мәлімдемелері туралы пікірін айтқан.
Бұған дейін Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ «Асахи» телеарнасына берген сұхбатында Токионың «Жапония қарамағына өтетін» Оңтүстік Курил аралдары бойынша «түсіністікке қол жеткізу» туралы айтқан болатын.
Ресей сыртқы істер министрлігі Токионы «бейбіт келісім бойынша жағдайды жасанды түрде ушықтыруға талпынып отыр және қарсы тарапқа өзі қалаған сценарийді таңғысы келеді» деп айыптады.
“Мұндай мәлімдемелер 1956 жылғы ортақ декларация негізі бойынша келіссөз процесін жеделдетуге қатысты Ресей мен Жапония басшылары арасындағы келісімнің мәнін жоғалтады, екі ел қоғамында келіссөз мазмұнына қатысты түсініксіздік туындайды” делінген министрлік хабарламасында.
Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Ресейдің Курил аралдарына қатысты позициясы өзгеріссіз қалғанын, яғни Жапония «Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижелерін мойындауы тиіс» деген.
Курил аралдары (Итуруп, Шикотан, Кунашир және Хабомаи) Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Ресей мен Жапония арасында даулы аймаққа айналған. Совет әскері Жапонияға тиесілі аралдарды 1945 жылы аннексиялап алған. Ресей аралдарды өз иелігі деп есептейді, ал Жапония бұл аумақты өзінің бір бөлігі санап, оны қайтаруды үнемі талап етіп келеді.
1956 жылы Жапония мен Совет одағы аумақта әскери әрекеттерді тоқтату туралы декларацияға қол қойған, бірақ бейбіт келісім жасалмаған.
Қарай отырыңыз: Даулы Курил аралдары
Кодзукидің кездесуіне байланысты жауап берген Жапония сыртқы істер министрлігі Ресеймен бейбіт келісімді талқылауды «тыныш жағдайда» жалғастыра беретінін айтқан.
«Жапония үкіметі территориялық дауды шешу үшін және бейбіт келісімге қол қою үшін өз позициясы бойынша келіссөз процесін жалғастыра береді» деді министрлік өкілі.
Тынық мұхитындағы архипелагта Ресей әскері шоғырланған және оның зымырандар жүйесі де бар.
Курил аралдары бойынша Ресей президенті Владимир Путин мен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің кездесуі 21 қаңтарға жоспарланған.
14 қарашада екі ел басшыларының кездесуінен кейін екі тараптың 1956 жылғы совет-жапон меморандумына оралу туралы келіскені белгілі болды. Оған сәйкес, Мәскеу Жапонияға Курилдегі төрт аралдың екеуін беруге келіскен. Бұлар — Хабомаи және Шикотан аралдары.
17 желтоқсанда ресейлік «Комсомольская правда» басылымына берген сұхбатында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров егер Жапония Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижелерін мойындаса, Мәскеудің Жапонияға екі шағын аралды беруі мүмкін екенін айтқан.
Ресей Жапонияның даулы аралдар Ресейге тиесілі екенін мойындап, Курилдегі қалған екі үлкен арал — Итуруп пен Кунаширді дауламағанын қалайды. Оның «Дүниежүзілік соғыс нәтижесін мойындау» дегені осы.
Дереккөз: Азаттық